– Сәлеметсіздер ме? Шымкент қаласының тұрғынымын. Ес білгелі әкемнің тірі екенін және атын білгеніммен, ол адамның қайда тұратынын, қандай қызмет атқаратынын білген емеспін. Менің 2, ал інімнің 1 жасымда анам мен әкем ажырасып кеткен екен. Араларында қандай жағдай болғанын да кейін келе түсіндім. Әкем ішімдікке үйір болыпты. Анама жиі қол жұмсаған.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық кесірінен анамыз ажырасқан. Сол кездері көптеген әйелдер: «жаман болса да, байым болсын» деген ұғыммен қиналса да балалары үшін отбасын сақтап қалуға тырысқан ғой. Бірақ біздің анамыз өйтпеген. Мен сол шешімі үшін өте қуанамын.
Шешеміз содан кейін тұрмысқа шықпапты. Тек бізді асырап, жеткізу үшін тынбай жұмыс істеді. Інім екеумізді ештеңеден кем қылмады. Жоғары оқу оқытып, киімімізді бүтін қылды. Еш таршылық көрмей өстік.
Мектепке барған кезімде сыныптастарымның көбін әкелері алып қайтатын. Бізді кейде нағашы атам, кейде нағашы апам немесе нағашы ағам, қысқасы анамның бірге туғандарынан кімнің уақыты бар сол алып кететін. Анда-санда өзі келетін. Оң-солымды танып бастағаннан әкемнің кім екенін білгім келді. Басқалардың айтуынан, олардың ажырасқандарын білетінмін. Басқа ешқандай ақпарат жоқ еді. Ол адам қайда тұратынын, шешеміз екеуінің арасында қандай жағдай болғанын білгім келетін. Алайда анамнан сұрауға батылым жетпейтін. Сол кездегі түсінік пе, әйтеуір «бұл жағдайды балаларымыздың білуге құқы бар» деп ойламайтын. Үйімізді тіпті әкеміздің суреті де жоқ-тұғын. Міне, осылай жүре-жүре, мен 6-сыныпқа бардым.
Бір күні үйімізге бір адам келді. Орта бойлы, сәл әбіржіген. Анам оны көре сала інім екеуімізді «көрші үйге барыңдар, өзім барып алып кетпейінше, келуші болмаңдар» деп қуып жіберді.
Келген адам әдеттегі қыдырып келетін адамдар сияқты емесі бесенеден белгілі еді. Әйтпесе оны көргенде анам сонша ашуланбас еді ғой. Арадан жарты сағаттай уақыт өткен соң, анам бізді көрші апаның үйінен алып кетті. Ішімнен сол адамның әкем екеніне сендім. «Сұрайын» десем, анам сұп-сұр болып кеткен.
Не айтсам да, қандай сауал қойсам да бекер екенін түсіндім. Тағы да үнсіз қалдым. Ертеңіне сабақта мазам болмады. Апайдан сұранып үйге келдім. Анам енді шай-тамағын ішіп болып, базарға жұмысына барайын деп жатыр екен. Бар батылдығымды жинап оған сұрақ қойдым.
Ең алдымен кеше келген адамның кім екенін сұрадым. «Ауылдан бір таныс» деп қысқа қайырды. Мұндай сұрақ күтпеген болса керек, түрінен таңырқау байқалды. Ары қарай әңгімені жалғастырғысы келмейтінін байқатты. Бірақ мен сонша уақытта батылым жетіп, бұл әңгімені бастағанымда ары қарай жалғастыруым керек екенін түсіндім.
Ол адам әкем екенін айттым. Анамның төбесінен жай түскендей болды. Оны қайдан білгенімді сұрады. Мен оның әрекеттерінен солай екенін түсінгенімді жеткіздім. «Екеуінің арасында болған жағдайды білуге біздің де қақымыз бар» дедім. Анам сәл тосырқап қалды да менімен сөйлесуге уақыты жоқ екенін, өзіме қатысым жоқ іске мұрнымды тықпауым керек екенін айқайлап айтып, үйден шығып кетті.
Шынымды айтсам, сол сәтте анама қатты ренжідім. Қандай адам болса әкеміз жайлы білуіміз керек қой. Ол кеткен соң жыладым. «Мына адам, сендердің әкелерің, осындай себеппен ажырастық» деп болған жайтты түсіндіріп айтса еш өкпем болмас еді.
Кешке шешем жұмыстан келген соң, үнсіз отырып тамақ іштік. Болған жағдайдан інімнің хабары жоқ еді. Анам бізбен сөйлескісі келетінін айтты. Інім екеуімізді алдына отырғызып, әкеміздің аты-жөнін және өзіне үнемі қол көтеріп ұрғанын, біздің болашағымызды ол адамның қолына сеніп тапсыра алмағанын айтып, қандай себеппен ажырасқандарын қысқаша ғана түсіндірді.
Үйден кеткенінде ешбір зат алмағанын, тек бірнеше киім ғана алуға шамасы келіпті. Дауысынан әкеме деген ашуын, ренішін байқауға болады. Сөз соңында әкемізбен араласуымызға қарсы екенін де айтты. Інім анамды құшақтап, «Сіздің жаныңызда ғана боламын, еңбегіңді ақтаймын, сондай әке маған керек емес» деді. Мен ештеңе демедім.
Осылайша арада уақыт зымырап өтіп жатты. Университет бітірген соң, әкеме өзім хабарласып, ол адаммен тілдесіп жақынырақ танығым келді.
Әрине, бұл әрекетімді анам мен ініме білдірмей кірістім. Әкеміз анаммен ажырасқан соң екінші рет шаңырақ көтерген екен. Сонда да ішуін қоймаған. Бірақ екінші жары оның барлық мінезіне көндіккен сияқты. Жасы келген соң аурушаң болып, ішімдікті қойыпты.
Сұрастыра келе осындай ақпарат білдім. Басқа ауылда тұрады екен. Бір күні әкемнің қарындасын тауып алдым. Сол кісімен кездестік. Әпкемнің айтуынша анамыз әкемнен ажырасқан соң қайын жұртымен мүлдем қарым-қатынасты тоқтатқан. Бізді тіпті ата-әжемізге де көрсетпепті. Олардың ешқандай көмегіне мұқтаж емесін, араласқысы келмейтінін жеткізген. Әкем бізді көруге алғашқы жылдары жиі барып тұрған екен. Алайда анамның ашуы қайтпай, оған мүлдем көрсетпепті. Кейін әкем ауырып, денсаулық дертіне түсіп кеткен көрінеді. Әпкем анамды да кінәламады. Үнемі таяқ жеп, көп жапа шеккен әйелдің ішінде солай кек қалып кететінін және анамды кінәламауымды ескертті. Бірақ біздің әкемізді танып-біліп өскеннімізді қалайтынын айтты.
Мен үнсіз ғана тыңдап, артық ештеңе айтпадым. Тек әкеммен кездестіруін өтіндім. Араға апта салып, әкемді ертіп келді. Мені көрген ол көзіне жас алып, қатты құшақтап сүйді. Мен де ерекше толқыныста болдым. Біз ұзақ әңгімелестік. Әкем тек өзін кінәлады. Анамды ренжітпеуімді, бізге тамаша тәрбие беріп, оқытып-тоқытқанына разы болғанын айтты. Інім екеуімізге әрі әке әрі ана бола білгені үшін тек қана алғыс айтатынын жеткізді.
Айтуынша анама деген еш реніш жоқ, тек өкініші бар. Алайда өткенді қайтара алмайды. Біздің жетілуімізге ешқандай еңбегі сіңбеген соң, бізбен араласуға да батылы бармапты.
Інім онымен кездесуге дайын емесін айттым. Осылайша ұзақ сырласудан кейін тағы да кездесетін болып келісіп, тарқастық.
Білмеймін сол кезден бастап көңіл-күйім мүлдем басқаша. Анам мен ініме айтпай, әкеммен бірнеше рет жүздестім.
Қазір тұрмыстамын. Өз қызыма, әкесі екеуінің арасындағы әке мен қыз қарым-қатынасына қарап әкеммен жолығуды мақсат еткен едім. Сөйтіп, кездестім.
Енді бұл жағдайды анама айтқым келеді. Інімнің де әкесін танып-білгенін қалаймын. Өйткені әкеміз қазір қатты ауырады. Денсаулығы сыр бергеніне біраз болған. Уақыт өткен сайын нашарлап барады. Ол бізге әкелік борышын өтемесе де біз оған перзенттік борышымызды өтеуге тиіспіз.
Анам әкемді осылай жазалағысы келген сияқты. Алайда кез келген жағдайға кешіріммен қарау – ең алдымен сол адамның тыныш өмір сүруіне әсер етеді ғой.
Адамдар осыны түсінсе деймін.
Жазып алған — Ж.Хумар
«Оңтүстік Рабат», №40, 1 қазан 2020 ж