БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНЕ АТАУЛЫ БАҚ
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Нұралықызы Жаилғанова Еріктілер жылы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында #Игіістеруақыты челленджінің бастау алуын хабарлаған болатын.
Аталған бастаманы қолдай отырып, қазан айының жұмасында, ағымдағы жылдың 23-не Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұжымы өз есебінен №3 Шымкент қалалық балалар үйіне алма бағын сыйлады.
Департамент басшысы Көмекбаев Әли Амантайұлы департамент ұжымымен аталған баққа ағаш отырғызудан алдын балалар үйінің тәрбиеленушілерімен танысып, жас жеткіншектермен бірге бір апта көлемінде балалар үйі бағында бірқатар дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Атап айтқанда, ескі жарамсыз ағаштарды қиып, жерді қопсытып, тыңайтты.
Әрбір отырғызылған ағаш өмірдің, үздіксіз өсімнің белгісі ретінде тәрбиелік мән-мағынаға ие.
Отырғызылған алма бағы тәрбиеленушілердің қамқорлығына беріледі. Өз кезегінде ағаштың тамыры тереңге тартып, жеміс беріп, өсіп-өркендеуін көрген жас жеткіншек психологиялық тұрғыдан өзінің де жыл сайын білімдірек, төзімдірек, мықтырақ болатынына көз жеткізеді деген үміттеміз.
Сонымен қатар, аталған тәсіл балалар үйінің тәрбиеленушілерін қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен, мейірімділікпен қарауға өз әсерін тигізеді деген ойдамыз.