«Біз біргеміз»: 500 отбасыға азық-түлік таратылды

268

Еліміздегі көшбасшы «НұрОтан» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында игі шаралар жалғасуда.

Бүгін Шымкенттегі көпбалалы 500 отбасына азық-түлік жиынтығы табыс етілді. Сонымен қатар, нұротандықтар елдің бірлігін нығайтуға бағытталған спорт жарыстарының ұйымдастырылуына ұйытқы болды.

Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабында орналасқан мына спорт алаңында футболдан жарыс өтуде. Сайысқа Еңбекші ауданынан 35, Қаратау ауданынан 16 команда қатысуда. Өз топтарында жеңіске жеткен ойыншылар ширек финалда кездеседі.

Жеңімпаздарға арналған жүлде қорын нұротандықтар дайындапты. Сонымен қатар, «Біз біргеміз» акциясы аясында қайырымдылық шарасы да ұйымдастырылған.

Әмірхан ТӨЛЕЕВ, Еңбекші ауданының төбе биі: «500 отбасыға азық- түлік таратылады. Бұл игі іс 6 жылдан бері өтіп келеді. Мұндай шаралар халықтың бірлігін, бір-біріне деген ықыласын арттырады. Партия белсенділері жерлестерін осылайша қолдауды жөн көріпті».

Мына көліктерге тиелген ұн, күріш, кұнбағыс майы, макарон өнімдері сияқты күнделікті тұтынатын өнімдердің жиынтығын жасауға партияның белсенділері ат салысқан. Алғашқы жиынтық Қаратау ауданының тұрғыны Қызайым Байғазиеваға табыс етілді. 75 жастағы әжей жол апатынан қаза болған ұлы мен аурудан көз жұмған келінінің 5 баласын қамқорлығына алған.
Қызайым Байғазиева, қала тұрғыны: » 3-ші жыл болды 5 жетім баланың асыраушысымен, әжесімін. Небір азаматтар 5 балаға қамқорлығын үнемі көрсетіп келеді. Елбасынан бастап барлығына рахмет. Балалар жетіледі, сіздердің іздеріңізді басып келеді. Барлықтарыңыз аман болыңыздар. Аналық алғысым шексіз».

«Біз біргеміз» акциясы аясында азық-түлік жиынтығы қала аумағындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында тұратын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына алдағы уақытта да таратылады. Мұқтаж азаматтардың тізімі аудан әкімдіктерінде жасақталған.

Шынар Оразова