COVID-19: Шымкент пен Түркістан келесі толқынға дайын ба?

177

«Түркістан облысында коронавирустың екінші толқынымен күрес үшін 2 млрд. 100 млн. теңге бөлінді». Осылай деген Өмірзақ Шөкеев бүгін Үкімет отырысында қатерлі індетке қарсы жұмыстарды таныстырды.

Облыс әкімінің сөзінше, күнгей өңір келуі мүмкін деген дертке дайын. Түркістан облысынан Шымкент қаласы да қалысар емес. Шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің үшінші мегаполисте 1 млрд. 700 млн. теңгенің дәрілік қоры жасақталған.

Коронавирустың екінші толқынына қарсы дәрі-дәрмек алу үшін Шымкент қаласы 479 млн. теңге бөлмек. Бүгін қала әкімі үкімет отырысында қайта өршуі мүмкін деген дертке қарсы дайындық жұмыстарын таныстырды. Мұрат Әйтеновтің сөзінше бұл жолы науқастар жедел-жәрдем көлігінен тапшылық көрмейді. Себебі Шымкентте 121 медицина көлігі сатып алынған.

Екінші толқыннан қауіптенген Түркістан облысы да жаңадан 122 жедел-жәрдем көлігін сатып алыпты. Айта кетейік, күнгей өңір вируспен күрес үшін 2 млрд. 100 млн. теңге бөлген. Екінші толқынға бөлінген бұл қаржыға медицина бұйымдары, дәрі-дәрмек пен ерітінділер қоры жасалыпты. Бұдан бөлек, Өмірзақ Шөкеев Өзбекстан, Ресей мен араб мемлекеттерінен көмек қоры келіп жатқанын айтады.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Өкпені жасанды желдету аппараттары 187-ден 332-ге жеткіздік. Өсім 46 пайыз. Оттегі станциясының саны 2 есеге артты. Қосымша 4 станция орнатылды. Сондай-ақ, 80 бірлік оксенегияция аппараты сатып алынып жатыр».

Елімізде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деген жауаптылар биыл елдегі фармацевтика өндірісінің 39 пайызға өскенін айтады. Және отандық кәсіпорындардың күніне 900 мың маска шығаратынын жеткізді. Айта кетейік, қоймада 18 млн. медициналық маска қоры бар.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Өздеріңізге белгілі тамыз айынан бастап, азаматтарға коронавирустың үйде емделуі үшін дәрінің 5 түрі тегін беріледі. Бүгінгі күні жеке қорғаныш құралдары мен стационарларға арналған 91 дәрі-дәрмектің екі айлық қорын жасау бойынша нақты жұмыс атқарылды».

Сөз соңында Премьер-министр Үкімет мүшелері мен аймақ әкімдеріне дәрі-дәрмек қорын тұрақтандыруды тапсырды.

    Назерке Үкібасова