4 жылдан бері газ күткен Келес ауданы тұрғындарының мәселесі бүгін Парламент қабырғасында көтерілді. Жуырда Түркістан облысына іс сапармен барған «Ақ жол» депутаттары халықтың жанайқайын Үкіметке жеткізді.
Халық қалаулылары тұрғындардың мұқтаждығына құлақ аспай отырған билік өкілдеріне өркениеттен қалып қойған елдімекендерге көшіп баруға кеңес берді.
Табаны күректей төрт жыл бойы өркениетке қол жеткізе алмай отырған келестіктердің жанайқайын бүгін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов министрлерге сауал ретінде жолдады. Түркістан облысына арнайы іс сапармен барған «ақжолдықтар» өңірдегі кей ауылдар әлі күнге дейін не мектепке, не көгілдір газға жарымай отырғанына куә болыпты. Депутат «қарапайым халықтың мұқтаждығын құлаққа ілмей отырған шенеуніктер осы ауылдарға көшіп барып, күйбең тірішілікті бұқарамен бірге көрсе, мәселе шешілер ме еді?»дейді.
Берік ДҮЙСЕНБИЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Мысалы Түркістан облысы Келес ауданы «Біртілек» ауылы, «Еңбекші» және «Ораз ата» елдімекендері тұрғындарының айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын аталмыш ауылдарға газ құбыры салынып, тұрғындар өз қаржыларына үйлеріне құбыр тартып, газ пештеріне дейін қойып алған. Осындай жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданы ауылдарында орын алған. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген. Егер газ болмаса, тұрғындардан неге 4 жыл бұрын қаржы жиналған?».
«Ақ жол» партиясының фракциясы Түркістан облысындағы түйткілдерге қатысы бар шенеуніктерді анықтап, олардың қандай жауапкершілікке тартылғандығы туралы мәліметті де талап етті.
Мәжілістің жалпы отырысында зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері мен еліміздің Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау бойынша Заң жобасы қаралды. Сондай-ақ «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да отырыстың күн тәртібіне қойылды.
Мақпал РЫСБАЕВА