Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында «EcoSana» сенбілік акциясының 3 кезеңі Абай ауданының Жаңаталап тұрғын алабы, Бадам өзенінің жағасында өтті. Сенбілік соңында «Birgemiz: AsylMura» бағыты бойынша «Кемеқалған» әулиесіне экскурсия жасады.

Акцияның мақсаты – экологиялық білімді арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және айналаны қоқыстан тазарту, салауатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау және ішкі туризмді дамыту болып табылады.

Сенбілік акциясына тұрғындармен бірге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, сондай-ақ Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов қатысып, игілікті іске атсалысты. Жалпы тазалық шарасына қала белсенділері, волонтерлік ұйымдар мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан құралған 17 команда жасақталып, 170-ке жуық белсенді жас қатысты.

Сондай-ақ, акция барысында Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын алабының аймақтарында күл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту, әлеуметтік нысандардың айналасындағы қоқыс қалдықтары шығарылды және тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік соңында әр қатысушы командалардың жинаған қоқыстары таразымен есептеліп, қорытындысы шығарылды.

Cенбілік акциясында барлық жұмыстары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жасалынды.

Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы
(Анықтама: бірінші кезеңдегі Қаратау ауданына қарасты Бәйдібек би алаңында өткен сенбіліктен 1141 килограмм, екінші кезеңдегі Еңбекші ауданына қарасты «Фосфоршылар» мәдениет сарайы аумағында өткен сенбілік бойынша 2423 килограмм қоқыс шығарылды. Жалпы саны 3564 килограмм қоқысты құрайды.)