Бүгінгі таңда өз туыстарына алаяқтық жасау таң көрінбейтін болды. Өйткені өз жақындарынан ешкім де күдіктенбесе керек.
Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданған. Ол арызында есеп шотындағы ақшасының жоғалып кеткендігін көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ұры алыстан келмепті. Жәбірленушінің өз келіні болып шықты.
Қарияларды ештеңеден хабары жоқ, аңқау санайтын келіндер осылайша енелерін үптеп кетіп жатыр. Келіні енесінің ұялы телефонын ұрлап алып, өз есеп шотына ақша аударып алған. Білмей қалады деп ойласа керек.
Ұры келін ақшаны құмар ойындарға салып жіберген, артылған ақшаға киім сатып алған. Келтірілген шығын көлемі 126 000 тенгені құрайды. Азаматшаның бұрын да алаяқтықпен айналысқандығы белгілі болып жатыр. Бұрын сотты болмаған. Азаматша кінәсін толықтай мойындады.
Тәртіп сақшылары ұрлық қылмыстарының алдын алуда қарқынды жұмыстар атқаруда. Өз кезегінде телефонға сенімді код қоюды ескертеді.