Инвесторлар 100 пайыз сыбайлас жемқорлық фактілерінен 24/7 принципі негізінде қорғалатын болады

102

 

Бүгін Түркістан облысының Прокуратурасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің және Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Бизнесті және инвестицияны қорғау» форумы өтті.

Аталған шараның негізгі мақсаты да сол — кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.

Отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бүгінде күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау да назарда тұр.

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары: «Кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлықтан 100 пайыз қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Түркістан өңірінде «Protecting Business and Invesments» (Бизнес пен инвесторларды қорғау) жобасы аясында Департаментпен жалпы құны 466 млрд.теңгені құрайтын 37 жоба сүйемелдеуге алынып, жыл басынан бері бизнесті қорғау шеңберінде 15 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтірілгенін және соның нәтижесінде 20 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды».

Инвесторлардың сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасуына жол бермеуді және қандай да бір заңсыз қысым жасау деректерін болдырмау мақсатында «Рrotecting business and investments» жобасы аясында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен «Turkistan Invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту аймақтық агенттігі арасында меморандумға және 2 ірі бизнес қауымдастықпен екі жақты келісімге қол қойылды.

Департаментпен келісімге қол қойған инвесторлар алдағы уақытта 100 пайыз сыбайлас жемқорлық фактілерінен 24/7 принципі негізінде қорғалатын болады.