Көлік жүргізушілерін алдаған алаяқ құрықталды

102

Бүгінде Түркістан облысының тәртіп сақшылары кең етек жайып кеткен алаяқтықпен қарқында түрде күресуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз де емес.

Жетісай АПБ-не бірнеше жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер арызданған. Жәйдан жәй емес, әрине. Олардың айтуынша ағымдағы жылдың басында белгісіз тұлға «базар алдынан такси жүргізушілеріне арналған автотұрақ ашып беремін» деп сендіреді.

Әрине, жұмыссыздық жүйкесін жұқартып, нәпақа табудың жолында жүрген такси жүргізушілерге бұл ұсыныс ұнай кетеді.

«Сол жерден әрқайсыңа арнайы орын бөліп беремін» деп уәдені үйіп төгеді. Әрі өзінің қызметін де арзан бағалап тұрғанын айтады. Сөйтіп,  әрбір такси жүргізушісінен 25-50 мың теңге көлемінде ақша алады.

«Мол ақша табатын болдық» деп «тәтті арманға» берілген таксишілер арада айлар өткенде алаяқтың құрбаны болғандарын түсінеді. Осыншама уақыт аралығында уәде етілген автотұрақ ашылған жоқ, уәде бергіш азамат та ізім ғайым жоғалады. Содан бірден полицейлерге шағымданып, көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті. Жәбірленушілерден, куәгерлерден жауап алып, күдікті азаматтың жеке-басын анықтады. Нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде жергілікті тұрғынды анықтап ұстады. Оны АПБ-не жеткізді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Тергеу барысында тәртіп сақшылары жәбірленушілер санының артуы мүмкін екенін айтады. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға  күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдарданаулақ болуды қаншама рет айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де алаяқтарға алданатындардың қатары азаймай отыр.

Айбар Бекетов