Оқу жылы басталғалы Қазақстанда 250 оқушы коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы мәлімдеді. Айжан Есмағамбетованың айтуынша олардың 145-і қашықтан оқитын оқушылар. Ал, олармен байланыста болғандар саны — 1426. Контактіде болған азаматтардың 19-нан қатерлі індет анықталыпты.
Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы: «Біз мектеп оқушыларының вирус жұқтыруына күнделікті бақылауды жалғастырамыз. Оқу жылының басынан бері мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырудың 250 жағдайы тіркелді. Кезекші сыныптардағы балалар арасында 105 жағдай бар».
Еске салайық, күні кеше Шымкенттің бас дәрігері де қаладағы 6 оқушының вирус жұқтырғанын айтқан еді. Олардың барлығы да қашықтан оқитын оқушылар. Мамандар сөзінше вирус шымкенттік шәкірттерге ата-аналарынан жұққан. Бұдан бөлек, Айжан Есмағамбетова соңғы аптада коронавирус көрсеткішінің 14 пайызға көбейгенін айтып дабыл қағып отыр. 141 қазақстандықтан вирус шетелге барып келген соң анықталған.
Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы: «Олар ПТР-тест нәтижелерін алғанға дейін карантиндік стационарларға орналастырылды. Түркия, БАӘ, Беларусь, Ресей және Мысырдан келген жолаушылар арасында 19 оң жағдай анықталды».
Назерке Үкібасова