Мәйіттік донорлықты қолдайсыз ба?

140

Бүгінде қоғамда мәйіттік трансплантация туралы дау қыза түсті. Елімізде медицинаның бұл бағытын жолға қою үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілді.

Қазір қазақстандықтар көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейін мұқтаж пациенттерге органдарын беруге келісім бере алады. Егер бұған келіспесе жазбаша білдіруі тиіс. Шымкенттіктер бұл жаңалықты қалай қабылдады?

Екі мыңнан астам қазақстандық донорлық органның кезегінде тұр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген түзетулерден кейін бұл тақырып бүгінде қызу талқылануда. Қазір ел азаматтары көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейін мұқтаж пациенттерге органдарын беруге келісім бере алады. Егер бұған келіспесе, жазбаша білдіруі тиіс. Бұл шаруаны тіпті ешқайда сандалмай-ақ онлайн тындыруға болады.

Әділ ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры: «Ықтимал донор анықталған кезде оның өмір бойы ерік білдіруі тексеріледі. Ол болмаған жағдайда туыстарынан, не жұбайынан, не жақын туыстарының бірінен келісім сұралады».

Қайтыс болған бір адамның сау ағзаларымен 8 науқасқа екінші өмір сыйлауға болады екен. Елімізде қазір бүйрек, бауыр, өкпе және жүрек трансплантацияланады. Бастысы — тіндік және топтық үйлесімділік болса жеткілікті. Шымкент дәрігерлерінің айтуынша, мәйіттік донордан ағзаларды трансплантациялау операциясы қалада осыдан 3 жыл бұрын жасалған. Мамандар пациенттерден рұқсат бола бермейтіндіктен мұндай операциялар жиі жасалмайды дейді. Шымкентте көбінесе туыстан-туысқа ағзалар ауыстырылады. Өкінішке орай, жағдайы тым нашар пациенттер көбінесе трансплантация кезегін күтпей, өмірден озады. Биылдың өзінде донор жетіспеушілігінен 200-ден астам адам ажал құшыпты.

Сәбитхан БАЙТЕМІРОВ, №1 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі: «Донор табуда қиындықтар болады. Бұл тек бізде ғана емес, Алматыда да, басқа қалаларда да осылай. Көп науқастардың ағза жетіспеушілігінен көз жұматыны алаңдатады».

Шымкент тұрғындарының бұл мәселеде пікірі әркелкі. Бірі қарсы, енді бірі мәйіттік донорлықты қолдайтын болып шықты.

«Егер туыстары рұқсат берсе донорлық жақсы. Мен мәйіттік донорлыққа келісімімді берем деп ойлаймын», дейді қала тұрғыны.

Ал екінші тұрғын: «Босқа өліп кетем ғой, басқаларға өмір сыйлағаным дұрыс» дейді.

Еліміздің әр аймақтарында трансплантациялық оталар заңсыз жасалып жатқаны да жасырын емес. Пысықай хирургтар заң алдында жауапқа тартылып жатыр.

Айта кетейік, республика бойынша осыған дейін мәйіттік донорлыққа келісім беруден 238 азамат жазбаша түрде бас тартқан. Алты адам қайтыс болғаннан кейін ағзасын орган жетіспеушілігімен ауыратындарға беруге келісім берген. Ал бұған онлайн түрде өтінім берген 1423 адамның 183-і ғана мәйттік донорлыққа келісетіндерін жеткізген.

Мақпал РЫСБАЕВА