Өз балаларын ұрып-соққан ер адам қамауға алынды

200
Түркістан облысының полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен отбасында ойран салып, өз балаларын аяусыз ұрып соғатын әкелер саны азаймай отыр.
Жуырда ғана отбасына тыныштық бермейтін тағы бір «тиран» құрықталды.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде ер адам кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғып жатқан бейнежазбаны анықтады. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-нің СДТБТ-не ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігі «Азаптау» бойынша тіркелді.
Сол күні күдіктінің әйелі жұбайының өз балаларын ұрып-соғу туралы өтінішпен полиция бөліміне арызданған. Полицейлер жергілікті тұрғын жұмыссыз, ер адамды тез арада ұстады. Ерлі-зайыптылардың 2011 жылдан бері некеде тұрғаны анықталды. Екеуінің ортақ үш баласы бар.
Бұған дейін әйел 2018 жылы полицияға күйеуін ұрып-соғу туралы ауызша айтқан, бірақ өтініш беруден бас тартқан. 2019 жылдың сәуірінде ол тағы да полицияға дене жарақатын салу дерегі бойынша жүгінген. Алайда, әкімшілік өндіріс әйел күйеуін кешіргендіктен медиация арқылы тоқтатылды. Содан кейін жұбайы қайтадан жауапкершіліктен құтылды.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Ер адам қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.