Қариялар «Карантиндегі қызықтарды» тамашалады

318

Халықаралық қарттар күні қарсаңында Шымкентте ерекше іс-шара өтті. «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мен белсенді жастар аз қамтылған, жалғызбасты ардагерлеріміз бен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын қосып, көтеріңкі көңіл күй ғана емес, сыйлық да тарту етті.

«Карантиндегі қызықтар» қойылымымен бастау алған мерекелік шара барысында ата-апаларымыз өмірден алынған жәйттер мен түрлі бейнелерді сомдаған әртістердің өнеріне қанықты. Бұл Қарттар күні қарсаңында шымкенттік қарияларға жастар тарапынан көрсетілген аз ғана құрметтің бірі.

Оразкүл ҚАРСЫМБАЕВА, қала тұрғыны: «Қойылым көңілімнен шықты. Кәдімгідей демалып қалдым. Бізге  қамқорлық, құрмет көрсеткендері үшін  жастарға үлкен рахмет».

Мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне қаладағы жастар ресурстық орталығы, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының еріктілері ат салысты.

Халықаралық қарттар күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1990 жылдан бері атап өтіледі. Биыл да дәстүр өзгермеді. Бастысы, пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптар сақталды. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан өмір жолдары өскелең ұрпаққа өнеге ата-апаларымызды қолдау – біздің парызымыз дейді жастар.

Шынар Оразова