Қазақстанда қатерлі індет қараша мен желтоқсан айында қайта қозуы мүмкін. Еліміздің бас дәрігері осылай деп дабыл қағып отыр.
Айтуынша, Еуропада вирус қайта белең ала бастаған. Одан бөлек Ресей мен Украинада тәжівирус жұқтырғандар көбейіпті. Осылай деген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміз тағы да тұмауға қарсы вакцина сатып алуға бекініп отырғанын айтады.
Қатерлі індет Қазақстанда қараша мен желтоқсанда қайта күшеюі мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан Алексей Цой вирус қазірдің өзінде көрші елдерде белең алғанын айтады. Сөзінше, ТМД елдеріндегі тәжівирус өсімі Қазақстаннан 11 есе жоғары. Елді бейқам жүрмеуге шақырған бас дәрігер біздегі қалыптасқан антидененің келесі айға дейін ғана шыдайтынын айтады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазақстанда вирустың алғашқы толқыны маусым және шілде айларында болды. Сол кезде індетті симптомды және симптомсыз жұқтырған науқастар сауығып, оларда антидене қалыптасты. Антидене көп болса, екі үш айға шыдайды. Біздегі мерзім аяқталуға жақын. Сондықтан вирустың келесі толқыны қарашада болуы мүмкін деп күтілуде».
Осыған байланысты елде модульді аурухана құрылыстары жүріп жатыр. Олар Жезқазған, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Ақтау және Атырауда ағымдағы айда пайдалануға берілмек. Ал, Қызылорда мен Түркістан облысындағы кешен қарашада аяқталуы керек. Алексей Цойдың айтуынша, онда дәрі-дәрмек пен аппараттар жеткілікті болады. Ол үшін бюджеттен 13 млрд. теңге бөлініпті.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды. Бірыңғай дистрибьютор 16 млрд. теңгеден астам сомаға дәрілік заттардың 91 атауын жөнелткен. Жыл соңына дейін 1 млн. адамға амбулаториялық жағдайда емделу үшін қосымша қызуды түсіретін препараттар мен антикоагулянттар қарастырылған».
Айта кетейік, бүгінге дейін елімізде 1,8 млн. адам тұмауға қарсы вакцина алып үлгерген. Екпе егу мұнымен аяқталмайды деген министр Ресейден тағы да екпе алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ведомства басшылығы Алексей Цой елде әзірге төтенше жағдай режимі енгізілмейтінін айтты. Оқшаулау тек вирус өршіген ошақтарға жасалмақ.
Ажар Ғиниятқызы, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: «Бұл өңірлерде коронавирустың таралуына тест-зерттеулердің көптеп жүргізілуі, халық миграциясы және шекаралық қарым-қатынастар себеп болып отыр. Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аурушаңдық министрліктің қатаң бақылауына алынды».
Қазақстанда індетке шалдыққан балалар саны өсіп келеді. Бүгінде тәжівирус елімізде 184 оқушыдан анықталған. Оның 73-і кезекші сыныптағы шәкірттер болса, 111-і қашықтан оқитын оқушылар.
Назерке Үкібасова