Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға және табиғат пен жануарларды қорғауға шақырып, қаншама рет түсіндірме жұмыстарын жүргізгенмен құлақ асатындардың қатары азаймай отыр.

Бүгінде облыс аумағында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осы шара аясында жуырда ауылдардың бірінің жанында жабайы құстарды заңсыз аулаған күдікті ұсталды.

Кентау қалалық полиция бөлімінің полиция қызметкерлері «Охотзоопром» инспекторларымен бірлесіп өткізген шара барысында қолға түскен.

Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде полицейлер 12 калибрлі аңшылық мылтық пен ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген 2 дана қарабауыр буылдырық құстарын тәркіледі. Күдікті Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты.

Браконьер заттай дәлелдемелермен бірге қалалық полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі «заңсыз аң аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Айта кеткен жөн, сирек кездесетін құстар мен жануарларды заңсыз аулағаны үшін аталған бапқа сәйкес мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеледі.

Қолға түскен азаматтың іс-әрекеттері өзгелерге сабақ болса игі.