«КЕРУЕН САРАЙ» КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Түркістан қаласында карантин режиміне қарамастан құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Соның бірі теңдесі жоқ «Керуен Сарай» кешені. Бұл Шығыс базары, мейрамханалар мен этникалық стильдегі қонақ үйлерден тұратын көпфункционалды туристік кешен. Жер көлемі: 164 097 м , ауданы: 117 686 м2 құрайды.
Сарай салудағы негізгі мақсат — жібек жолы кезеңінен тарихи сауда көшесін құру және туризмді дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнес арқылы туристерді тарту болып табылады. Үлкендігімен қоса кешен өзіндік ерекше бөліктерден тұрады.
Атап айтсақ:
Кіру бөлігіндегі дарбаза қақпасы суға толтырылған арықтардан тұрады. Көпірдің ашылу және жабылу рәсімдері өткізілетін болады. 4 қабатты кеңсе ғимараты — аркадан құрылған.
Шығыс базары кешенінде келушілер — Мысыр, Үнді, Иран, Еуропа, Түркістан және Қытай базарларына барып қайтатын болады. Олай дейтініміз, кешенде аталған мемлекеттердің базарлары орын алатын болады.
Биіктігі 6 метр бір қабатты ғимараттар және сақтауға арналған жертөлесімен қоса, жаяу жүргіншілерге арналған жолдары бар саябақтарды салу жоспарда.
Шебер ұсталар көшесі — жаяу жүргіншілер көшесінің екі жағындағы бірінші қабатта орналасқан бұйымдар мен кәдесыйлар сататын шеберханалардың кешені болмақ.
Тағы бір бөлімде көне шығыс театры мен цирк қойылымдары, би және фольклорлық қойылымдар, халықтық ойындар мен байқаулар өткізуге болады.
Жібек жолы елдерінің ұлттық тағамдарынан тұратын бірқатар ұлттық кафелер мен мейрамханалар да тұрғындар ыңғайлылығы үшін қызмет етеді. Ал, Кітаптар қатары бар сауда көшесінде көне суреттердің, кітаптардың және ашық хаттардың көшірмелері сатылатын болады.