Шымкенттегі Д. Қонаев және Т. Рысқұлов көшелері қиылысында жолайырық салынады. Құрылыс жұмыстары 15 қазанда басталады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
Бұл жұмыстар 3 кезеңде атқарылады. Ауқымды жоба бүгін үшінші мегаполистің көлік инфрақұрылымы талқыланған брифингте ортаға салынды.
Жолайырық дәл осы маңайдан Шымкенттегі Д.Қонаев және Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысынан салынады. Бұл бағыттағы жұмыстарға 7 млрд. теңге қаралып отыр. Салаға жауаптылар бұл жоба көлік нөпірін азайтып, кептелісті болдырмайды дейді. Әрлі-берлі ағылған көліктердің кептелістері тұрғындарды әбден мезі еткен. Билік өкілдеріне де жиі шағым түсіпті. Қала көшелеріне сараптап шыққан салаға жауаптылар ақыры бұл мәселені заман талабына сай жолайырық салумен шешуді ұйғарып отыр.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жол қозғалысын ұйымдастырудың 2-кезеңінде Д. Қонаев даңғылы «Роял» клубы тұсынан Т. Рысқұлов көшесіне дейін және Бәйдібек би даңғылы Т. Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін жабылады. Бұл аралықта тұтастай құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Т. Рысқұлов көшесі әдеттегідей ашық болады. Осыған қосымша, Баян ауыл көшесіне Бәйдібек би даңғылынан Т. Рысқұлов көшесіне дейін бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылады».
Жоба үш кезеңде атқарылады. Жол қозғалысын ұйымдастырудың 1- кезеңінде «Роял» клубы тұсынан Т. Рысқұлов көшесі жабылады. Бұл аралықта құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Д. Қонаев көшесінің батысындағы 4 жолақта 2 бағытты қарама-қарсы қозғалыс ұйымдастырылады. Алып жоба келер жылдың желтоқсанында аяқталады. Нысан толық пайдалануға берілгенде қала ішіндегі көлік кептелісі реттеледі дейді билік өкілдері.
Мақпал Рысбаева