Шымкентте жасырынып ащы су дайындағандар құрықталды. Заңсыз әрекет экономикалық тергеу департамент қызметкерлері жүргізген шара аясында анықталған.
Белгілі болғандай рұқсатсыз цех ашып, кәсіп бастаған пысықайлар қолдан жасалған алкоголь өнімдерін Шымкент дүкендеріне сатып келген.
Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу Департаментінің басқарма басшысы: «Тексеру барысында көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркалары жабыстырылған 18 түрлі алкоголь өнімдерінің 6671 бөтелкесі, 15 тонна спирт, 67 есепке алу-бақылау маркалары, сұйықтықтарды араластыратын сорғы, алкоголь өнімдеріне арналған 146 бос қорап және 750 бос бөтелке, 500-ден астам қақпақшалар және 40 625 теңге ақша қаражаты анықталып, тәркіленіп алынған».
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 233-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Көлеңкелі бизнес арқылы ақшаға кенелгісі келген пысықайлардың барлығы анықталды. Және тергеу амалдары жүргізілуде.
Назерке Үкібасова