Шымкентте жылдан-жылға ауыз суға деген қажеттілік 5 мың текше метрге артып келеді. Тіршілік нәрінің тапшылығын болдырмау үшін су шаруашығы саласына жауаптылар түрлі әдіске көшкен. Ал сапа ше?
Мамандар тіршілік көзінің көлемін арттырамыз деп жүргенде судың сапасына зиян келмей ме? Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері бүгін осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп көрді.
Бұл Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының белгілі бөлігін қамтитын су таратқыш жүйесі. Қолданыстағы темір жүйелер пластикалық құбырларға ауыстырылып жатыр. 70 жыл бойына шыдас беретін материалдар тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы тіршілік нәрімен қамтуға мүмкін береді екен.
Осыған дейін сан рет, жөнделіп қыруар қаражат жұмсалған жүйені салаға жауаптылар тиімді еуропалақ технологиямен жөндеп жатыр. Жұмыстар Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдеріне таныстырылды.
Құрылысшылар бұрынғыдай аумақты қопарып, құрылыс жүргізбейді. Ауданның бірнеше көшесін сумен қамтитын су жүйесін жөндеу үшін небәрі 4 шаршы метр алаң қазылады.
Ал бұл Орта Азияда баламасы жоқ технологиямен жұмыс істейтін кәріз қалдықтарын тазартатын нысан. Мұнда тәулігіне 150 мың текшеметр канализациялық қалдық тазартылады. Қазір бұл нысан қауіпті жағдайда жұмыс істеп тұр. Себебі, қаланың қажеттілігіне қарай өндіріс қуаттылығы шамадан тыс артып кеткен.
Анарбек ОРМАН, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС директоры: «Қазір осы мәселе бойынша қалалық әкімдіктегілермен келісім жасап жатырмыз. Келесі жылы тағы тәуілігіне 50 мың текше метр қалдықты өңдейтін өндірісті іске қосамыз».
Жылда атқарылып жатқан инвестициялық жобалар басы артық су шығындарын азайтып, тіршілік нәрінің сапасын арттырып отыр. Алайда сапа артақанымен әзірге судың бағасы қымбаттамайды. Салаға жауаптылар 5 жыл бойына тарифті тұрақты, тіршілік нәрінің құнын келесі жылы қараймыз деп отыр.
Мақпал РЫСБАЕВА