Шымкенттік студенттер біліктіліктері бойынша бақ сынауда

127

Шымкентте колледж студенттері арасындағы чемпионат өтуде. WorldSkills атауымен басталған жарыста шәкірттер алған білімдері бойынша жарысып жатыр. Бірі дәнекерлеуден ептілігін көрсетсе, екіншісі ас әсірлеу бойынша мықтылығын дәлелдеуі керек.

Нұрболат Әшірбай Шымкенттегі колледж студенттері арасындағы чемпионатқа осымен үшінші рет қатысып отыр. Дәнекерлеу ісі бойынша бақ сынауға келген ол бұған дейін де дәл осы жарыста алтыннан алқа таққан. Осы жолы да жеңіске жететініне сенімді. Сөзінше, қарсыластар қарқыны жаман емес.

Нұрболат ӘШІРБАЙ, жарыс қатысушысы: «Бұған ерекше дайындық керек. Жыл сайын дайындалу керек. Сол дайындық арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз. Жыл сайын өзгеріп отырады. Жыл өткен сайын қиындай береді. Бұл үшінші кезеңі. Екінші кезеңі кеше болды».

Айта кетейік, жарысқа қатысу үшін қаладағы 13 колледж өтініш берген. 30 мамандық бойынша бақ сынап жатқан қатысушылардың саны – 92. Бірі дәнекерлеу саласы бойынша қатысса, екіншісі ас әзірлеу, үшіншісі жол салу бойынша ептіліктерін көрсетуге келген. Чемпионаттың бүгін соңғы күні. Ал, жеңімпаздар есімі бірер күннен кейін белгілі болмақ.

Гүлісхан НАХБАЕВА, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары: «Өткен жылы да студенттеріміз қатысты. Оның ішінде 14 жүлдеге ие болдық. Алтауы бойынша алтын, 4 қола, 4 күміс жүлдеге ие болдық. Студенттеріміздің арасында мықтылар шығып жатыр. Олардың арасыда жол автокөлік, тамақтану сервисі бойынша алтын алып келіп жатыр».

Бәсекеде сәтті өнер көрсетіп, біліктілігін дәлелдеген шәкірттер республикалық жарысқа жолдама алады. Ал, қазақстандық чемпионатта жеңіске жетсе, әлемдік деңгейдегі бәйгеде ел намысын қорғауға аттанады. Айта кетейік, шымкенттік студенттер өткен жылы ел ішілік чемпионатта 14 жүлдемен оралып, командалық есепте 3-орынға қол жеткізген болатын.

 Назерке Үкібасова