Сіз – қандай анасыз?

176

Жұлдыз белгісіне қарап, мінез-құлық, болмыс-бітім, өмір салты мен ұстанымдарына баға беріп, болжам айту бар. Мұның шын адамға қатысы бар-жоғына мән бермей, бәріміз болмаса да біразымыз жұлдыз-жорамалға сенеміз. Өмірдің сан қырына жұлдыз-жорамал жасап, мән беріп жататындар да баршылық. Соның бірі – қандай адамсыз, деген сауал жауабын жұлдызнамадан іздеу. Мұның дұрыс-бұрысын бағамдап, бір жақты пікір айту да қиын. Десе де астрологтар «Сіз қандай анасыз?» деген сауал жауабын жұлдыз белгісінен іздеп көрген екен. Ендеше оқи отырайық…

ТОҚТЫ
Рөліңізді жақсы білетін, белсенді анасыз. Қандай іс бастасаңыз да сізге тең келер жан жоқ. Балаңыздың көңіл-күйін таба аласыз. Күні сәтті өтуіне бар күш-жігеріңізді жұмсайсыз. «Балам менің көмегіме зәру, маған мұқтаж» деп қарайтын аналар қатарындасыз. Жалпы Тоқтылар – мақсатына жете білетін бірбеткей жандар. Өз қажеттілігі бірінші орында тұрады. Ал бауыр еті баласы үшін өзін екінші орынға ысырып қоя алады. Перзентін алақанына салып әлпештесе де, өз арбасын өзі сүйреп кеткенін қалайды. Баланың жеке дара тұлға болып қалыптасқаны дұрыс деп есептейді. Баласына еркіндік беріп, шешім қабылдауына мүмкіндік жасайды, бірақ жағдайды уысынан шығармайды. Барлығын бақылап, қадағалап отырады. Қажет сәтінде ақыл қосады, көмек қолын созады. Кейде қатал ана болады.

ТОРПАҚ
Сіз — қатал анасыз. Бірінші кезекте – жұмыс, сосын көңіл көтеру тұрады. Осы қағиданы ұстанған Торпақ-аналар перзенттеріне «бостандық» бере бермейді. Сырттай қатал көрінетін Торпақтардың жан-дүниесі жұмсақ болады. Көңілінен шыққан жан үшін аянып қалмайды. Бірақ, олар – бірбеткей. Сондықтан олардың пікірін өзгертіп, көңілін аулау қиын. Отбасы мүшелері мұны жақсы біледі. Сондықтан қарсы шықпауға тырысады. Ал бауыр еті баласына келгенде Тоқтылардың мінезі құбылмалы болады. Кейде ұл-қызының көңіл-күйін көтеру үшін қолынан келгенше тырысады. Сыйлық жасағанда да аянып қалмайды. Ал көңіл-күйі болмаса, онда сыйлық та жоқ, көңілді отырыстар ауылы да алыс. Торпақтар – үнемшіл жандар. Бұл қасиеті отбасылық бюджетін жоспарлауға көмектеседі. Бала тәрбиесінде де іске асады. Балаға не қажет, не қажетсіз екенін жақсы ажыратады. Қаржысын тек баласының пайдасына жұмсайды.

ЕГІЗДЕР
Егіздер белгісіндегі аналар – құбылмалы. Әсіресе бала тәрбиесіне келгенде оларды түсіну қиын. Себебі, өз ой-көзқарасын, пікірін үнемі өзгертіп отырады. Түске дейін кешкі ас мәзірін жасап, азық-түлігін дайындаса, кешқұрым мейрамханаға баруы не құрбысының үйінен тамақтана салуы ғажап емес. Егіздер белгілі бір қағидалар шеңберінде өмір сүре алмайды. Мұндайдан тез жалығады. Дегенмен қолында барды бағалай біледі. Олар эмоцияға толы және өте қырсық. Бірақ интеллекті жоғары. Миы тоқтаусыз жұмыс істейді. Жан-жақты. Ой-өрісі кең. Осы қасиеттері олардың жақсы ана болуына көмектеседі. Баламен сағаттап сөйлесе алатын жақсы дос немесе үй жұмысын орындауға жәрдемдесетін көмекші бола алады.

ШАЯН
Шаяндар — ана болу үшін жаралған жандар. Отбасының ұйытқысы. Отбасының тыныштығы, шаттығы үшін аянбайды. Балаларының қамын ойлап, жағдайын жасайды. Соны пезенттерінен де күтеді. Перзенттерінің сапалы әрі жақсы білім алуы үшін қолынан келгенін істейді. Түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтарға ақша аямайды. Балаларын сыйлықтан да кенде қылмайды. Тәрбие мен білімге аса мән беретін Шаян-аналар демалыстың да пайдасын ұмытпайды. Сондықтан балаларына еркіндік береді.
Шаяндар – өте ұяң жандар. Ашылып сөйлесе бермейді. Бұл мінезі адамдармен танысуына кедергісін келтіреді. Бірақ, достықты бағалай біледі. Отбасын қалай аяласа, достықты да солай бағалайды. Бұл қасиетті балаларынан да көргісі келетін Шаян-аналар оларға қарым-қатынас құндылығы туралы айтудан жалықпайды.

АРЫСТАН
Креативті — ана. Бала тәрбиесі Арыстан-аналардың өзін көрсетер тәсілі. Бұл жұлдыз белгісіндегі аналар бала тәрбиесіне өте мән береді. Перзентінің өміріне белсене араласады. Өз дегенімен жүргізуге тырысады. Арыстан-аналардың өз қағидалары бар. Балаларының сол қағидаттарға бағынғанын қалайды. Өз еңбегі текке кетпеуіне мән береді.
Арыстан-аналар өте белсенді. Қандай істі қолға алса да сәтті болмақ. Әсіресе балалары үшін аянып қалмайды. Сыйлық жасау, той-думан өткізуде Арыстан-аналарға тең келер жан жоқ. Сырттан қараған жандар олардың мұндай қасиетіне қызығады. Кейбіреулер ессіздікке бағалайды. Біреудің не ойлағанынан гөрі балаларының көңіл-күйі, қуанышы артық. Арыстан-аналар эмоциясын жасырмайды. Балаларының көзінше көз жасын сығып та алуы мүмкін.

БИКЕШ
Бақылаушы аналар. Бар билікті уысында ұстағанды жақсы көреді. Бала тәрбиесіне келгенде де дәл солай. Балаларын қадағалап, бақылап отырады. Артық әрекет жасауына рұқсат бермейді.
Бикеш-аналар өзімшіл болады. Сондықтан да ана рөлі оңайға соқпайды. Дегенмен, бірбеткей Бикештердің алмайтын қамалы жоқ. Барлық қиындықтың шешімін табады. Тек сабырлықты серік ете білуі қажет.
Бақылаушы-бикештердің көбі өз өміріне риза болмай жүреді. Қолда барын қанағат тұтатындары да кездеседі, бірақ аз. Бикеш-аналар талапшыл болады.

ТАРАЗЫ
Таразы – қарым-қатынас белгісі. Олар өзгелер үшін өмір сүреді. Бала — олардың бұл ұмтылысын іске асыруына мүмкіндік береді. Таразылар үшін бірінші орында — перзенті, екінші орында — күйеуі, ал үшінші орында — өзі тұрады.
Өте балажан. Сондықтан да болса керек, өзі аш не киімсіз отырса да қалтасындағы соңғы қаражатын баласының қажетіне жұмсауға әзір. Таразы-аналар асығыс қадамды ұнатпайды және қазіргі күнмен өмір сүргенді қалайды. Баласының әрбір қылығына сүйсініп, бірге есейеді. Таразы-аналар еш жалықпайды. Баласының жанындағы әрбір секундтардан ләззат алады. Сондай-ақ, өте ұқыпты, таза жүреді.

САРЫШАЯН
Сарышаян-аналар — ерекше жандар. Көңіл көтеруді жаны сүйеді, көпшіл, бірақ сонымен қатар айналасын бақылап, қадағалап отыратын өте қатал жан да бола алады. Айналасындағы адамдар одан шабыт алады. Енді бірі Сарышаян-аналардан қорқады. Балаларыңыз да көңіл-күйіңізге қарай сізбен қарым-қатынас жасауға тырысады. Сарышаян-аналар бар ашуын баладан алады деп айта алмаймыз. Дауыс көтере бермейді. Баласына бір көзқарасы жеткілікті. Кейде балаларын шамадан тыс өбектейді. Баланың жеке дара тұлға болып қалыптасып жатқанына көндігу қиын болса да іштей оның әрбір жетістігіне қуана білетін жансыз. Шешім қабылдағанда Сарышаян-аналар баласына ерік береді. Оның таңдауымен, ойымен санасады.

МЕРГЕН
Мергендер – өзін-өзі жақсы көретін, еркін жандар. Оларда ана мәртебесі қызықты тәжірибе болмақ. Мергендер өзінің ішкі түйсігіне құлақ түреді. Жеке өмірі мен бостандығын қатты бағалайды. Олар балаларына бар еркіндік берген жөн деп біледі. Балаға үй шаруасын сеніп тапсыра алмайтын Мерген-аналар барлығын өзі жасайды. Бұл оларға ұнайды. Бірақ, «көмек қолын созам» дейтін жандарға әрқашан қуанады. Шыдамдылықты серік еткен Мерген-аналар бала тәрбиесінің де кереметін сезіне беледі.

ТАУЕШКІ
Тауешкі-аналар әкенің де шешенің де рөлін қатар атқара білетіні көрініп тұр. Қажет жерінде қатал бола білесіз және өте өжетсіз. Тауешкі-аналар балаларымен ашық сөйлесіп, оларға қарым-қатынас шекараларын белгілеуге, және қиындыққа мойынсұнбай өту жолдарын көрсетуден жалықпайсыз. Бұл белгіде туған аналар балаларына жақын болғысы келеді, бірақ олармен дос болуға асықпайды. Эмоциясын жасыра беледі. Және мұны көрсетпейді. Бір қараған жанға Тауешкі-аналар суық болып көрінеді. Олар баланы көп өбектемейді, жиі еркелете бермейді. Әрбір тиын еңбек пен маңдай термен келеді деп білетін Тауешкі-аналар ақшасын да оңды-солды шаша бермейді. Нәзік кейіптегі Тауешкі-ананың шын бейнесі — «Темір ана». Отбасының асыраушысы әрі тірегі.Өзіне де, перзенттеріне де уақыт таба білетін еңбексүйгіш, өжет жан.

СУҚҰЙҒЫШ
Суқұйғыш-ана – өте қызық кейіпкер. Мінезі құбылмалы. Сүйкімді, мейірімді жан бола алады. Кейде қатал болады. Олардың бұл мінезі бала тәрбиесінен де байқалады. Балаларын бақылап, тексеріп жүреді. Оларға сенім артпайды. Өз дегенімен жүргізуге тырысады. Бірақ, құбылмалы мінезі бұл кезде де сыр береді. Балаларының көнбістігі оларды ашуландырады.
Суқұйғыш-аналарды үй шаруасы, күйбелең тірлік шаршатады. Ұсақ-түйекке бас қатырғысы келмейді. Бала тәрбиесіне келгенде отағасының көмегіне жүгінеді. Соған арқа сүйейді. Үйде бала тәрбиесімен айналысып отырғаннан гөрі сыртта жүргенді ұнатады. Жаялық жуу, ботқа дайындау, ауырған баланың жанында отыруды жаны сүймейді.

БАЛЫҚТАР
Балық-аналар – өмір тауқыметін тартса да сыр бермейтін жандар. Олар көпшіл, қоршаған ортамен тез тіл табыса алады. Бауырмал. Сондықтан да басқаның баласын да өз баласындай жақсы көріп, мейірімін төгуге дайын тұрады.
Балық-аналар өзін де өзгені де қалай қуантуды біледі. Әсіресе, перзенттеріне келгенде аянып қалмайды. Балық-аналар қанша қарбалас жүрсе де баласына уақыт таба біледі. Барлық сұрағына ерінбей жауап беріп, әлемді бірге тануға құлшынысы зор.
Балық-аналар балаларын шамадан тыс өбектейді. Олар үшін шешім қабылдайтыны да бар. Алайда осылайша перзентін «тұншықтырып» жатқанына мән бермейді. Балаңызды махаббатқа бөлеңіз. Оған ақыл-кеңес беріңіз. Ең бастысы балаға сенім арту керек. Қалғаны уақыт еншісінде екенін ұмытпаған жөн.