Экологиялық төлемдерден түсетін қаражаттың барлығы қоршаған ортаны жақсартуға жұмсалуы керек. Қоршаған ортаның жайы қаралған парламенттің бүгінгі жинында депутат Тарас Қитуов осылай деді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халық қалаулыларының алдында экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қорғады.
Мәжілістің кезекті отырысында халық қалаулылары қоршаған ортаның жайына назар аударып, Экология кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кодексте көрсетілген тауық пен сиырға қатысты өзгерістерді түсінбей дал болды. Спикер заң жобасын сынап, үй жануарларын ажырата алмаған құжатты әзірлеген шенеуніктерге ауылда тұрып келуге кеңес берді.
Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН Мәжіліс төрағасы: «Шын мәнінде, заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма, жоқ па деп ойлайсың. Шіркін, осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза?» Жақсы, кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз».
Бір қайнауы ішінде келген Кодекс жобасын екінші оқылымға дейін пысықтау керек. Осылай деген мәжілісмен Жанат Жарасов экологиялық құзыретті уәкілетті органға беру бизнеске қысым жасауға жол ашады деп қауіптенеді. Бұл сайып келгенде сыбайлас жемқорлық үшін және бизнеске қысым көрсету үшін қолайлы жағдай деді ол.
Жанат Жарасов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Бүгін қаралып отырған заң жобасы Әкімшілік заңнама бойынша заңдылықты қосымша қамтамасыз етуге бағытталған. Қоршаған ортаның сапасын сақтау мен жақсарту мәселесінде де оның маңызы зор. Сонымен бірге, депутаттар Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің қолданыстағы нормаларына сәйкес келтіру үшін мақсатты түзетулер енгізді. Атап айтқанда экологиялық рұқсатты тоқтата тұру, одан айыру, сондай-ақ қызметін тоқтату және оған тыйым салу түріндегі санкциялар көзделген. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықбұзушылықтар тек соттарда қаралатын болады. Өйткені бұл өндірістік процестерді тоқтатуға алып келеді. Ол өз кезегінде ауыр әлеуметтік-экономикалық салдарға соқтыруы мүмкін».
Қоршаған ортаның ластануына негізінен елімізде бүгінде жұмыс істеп тұрған 50 кәсіпорынның әсері зор екен. Кодекстің жобасында бірінші санаттағы осы зауыт-фабрикалардың экологияға әсерін бағалауды жүргізу туралы талап қарастырылды.
Олардың тізбесі қайта қаралып, экологиялық қауіпті нысандарға баса назар аударылатын болады. Қалай дегенмен, жаңа Кодекс — еліміздің экология жағдайын жақсартуға арналған нақты қадам ретінде қаралып отыр.
Мақпал Рысбаева