Түркістан ескерткіштерінің жаңа сырлары

247

Түркістан қаласының жері тарихымыздан сыр шертер мекен. Тарих ғылымдарының докторы, А. Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожа Түркістан ескерткіштерінің тарихын әңгімеледі.  Ғалым Мұхтар Қожа әңгімесін: «Тарих ғылымының басқа ғылымдардан бір ерекшелігі бар. Мәселен, физика, химия сияқты нақты ғылымдарда жасалған тәжірибені қайталауға болады. Ал тарих ғылымы өткенді, жоқ нәрсені зерттейді» деп бастады. Түркістан қаласының тарихын қалпына келтіруде ескерткіштердің маңызы зор екенін айтты.

КҮМБЕЗ ҚУЫСЫНДАҒЫ ӨРНЕКТІ АҒАШТАР

– «Қалай зерттейді?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл жерде зерттеушілер ескерткіштерге, көнеден қалған жәдігерлерге сүйенеді. Қазақта «көненің көзі» деген сөз бар. Сол замандардан жеткен бірен-саран дүниені назарға алып, соларға сүйене отырып, бұрын болған тарихты ашуға тырысады. Сол сияқты Түркістан қаласының тарихын, шежіресін қайта қалпына келтіру үшін ескерткіштерге сүйенеміз. Өңірімізде санаулы ғана ескерткіш бар. Жалпы тарихта дәстүрлі түрде жазбаша және археологиялық дерек деп бөлеміз. Фольклор, ауыз әдебиетінен жеткен дүниелерді дерек деп санаймыз. Осы дүниелерді пайдалана отырып, бір-бірімен салыстырып, тарихты қалпына келтіруге тырысамыз. Осы тұста Түркістан тарихына қатысты жаңа бес деректі айтпақшымын. Соның біріншісі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбез қуысындағы өрнекті ағаштардың табылуы. Бұл кесене – өте үлкен алып ғимарат. Жалпы биіктігі қазіргі құрылыстардың биіктігімен салыстырғанда 10 қабат биіктікпен пара-пар. Биіктігі 39 метр. Бұл ғимаратқа ерекше сән беріп тұрған алып күмбезі бар екенін бәріміз білеміз. Бұл Орта Азияда сақталған ең үлкен күмбез. Кезінде бұдан да үлкен күмбез Самарханда болған, бірақ ол құлап қалған. Сонда Орта Азиядағы бізге аман-есен осы күнге дейін жеткен жалғыз күмбез осы. Күмбездің диаметрі 18 метрге жуық. Бір кездері осы күмбездің арасындағы қуысты зерттеу үшін сол қуыстарға кіру мүмкіншілігі болды. Сонда белгілі болғандай – қуыстардың арасынан өрнекті ағаштар табылған. Кесенеге келген кезде қазандық бөлмесінен жоғары қарасаңыз, керемет бұжыр өрнектерді көре аласыз. Бұл арнайы алебастрдан құйылған десек болады. Содан құйылған күмбез. Оның формасын сақтап тұруы үшін оны ағаштарды кірпіштен өрілген күмбезге қосып қойған. Күмбездің сырты кірпішпен өрілген. Ішінде алебастр бағаналар бар. Соларды бір-біріне байлап тұру үшін арнайы ағаштар пайдаланылған. Енді сол ағаштардың ішіндегі бір таңғаларлығы – кейбір ағаштар түзу кездеседі. Сол ағаштардың беттерінде ою-өрнек бар. Өрнектер өте керемет, құс қанаты, өсімдік өрнектерін байқайсыз. Қуыста орналасса да, адам көзіне түспесе де сондай әсемдеп, артық жерлері кесіліп тамаша орналасқан. Бұл ағаштарды «екінші рет пайдаланған ағаштар ма» деп қаласың. Өйткені осы кесене салынатын кезде сол жерде орналасқан түрлі құрылыстар бұзылған. Ал ағаш ол кезде өте құнды болып саналған, өте сирек болған. Сондықтан ағаштарды қайта пайдаланған болса керек. Ағаштарға қарап хронологиялық тұрғыдан уақытын белгілеуге болады,-дейді ғалым Мұхтар Қожа.

ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ 12 ҒАСЫРДАҒЫ КӨРІНІСІ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

Белгілі профессор Мұхтар Қожа ағаштар арасында тіпті геометриялық 10 сияқты бояу салынған үлгісі де бар екенін және кесененің жоғары жағындағы мешіттерде мұндай ағаштар кездесетінін, тіреулерде немесе жоғары бөлігін жабуда осындай өрнектеліп боялған ағаштар бар екенін де айтты. Бұл хронологиялық жағынан алғанда 14-ғасырдан ертерек салған құрылыстарда қолданылған екен. Күмбез қуысындағы ағаштарды таныстырған ғалым екінші дерекке де тоқталды.
– Екінші дерек Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің 12-ғасырдағы көрінісі қандай болған? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Біздің Түркістан тарихына қатысты зерттеу жүргізген археолог мамандар өте көп. Солардың бірі – Ерболат Смағұлов. Осы Смағұлов пен Байпақовтың кейінгі шыққан кітабында «Кесененің 12-ғасырдағы үлгісі осындай болса керек» деген сурет жарияланған. Менің пікрімше, кесененің 12-ғасырдағы түрі осындай болмаса керек. Кесененің сыртқы жағында қабірханасына жақын жерді реставраторлар жөндеу кезінде 12-ғасырға тән ою-өрнекті және суреттегідей бантик сияқты іспетті жасаған дуал қалдығы табылған. Өйткені ол жерде тек бір ғана осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғана болмаған. Бірнеше кесене болған. Ал «тап осындай ою-өрнекті дуал дәл осы Ясауи кесенесінен табылды» деген мәліметті археологтар бізге ұсынған жоқ. Сондықтан сол кезде мынадай болған деп айтуға және қабырғасы осындай болған деп санауға болмайтын сияқты,-дейді Мұхтар Қожа.

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҰСТЫНЫ

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жәдігерлердің бірін Мұхтар Қожа ең құнды жәдігерлер қатарына жатқызады. Оның себебін де түсіндіріп берді.
– Үшінші дерек ол – Қазақ хандығы дәуірінің ұстыны. Осы Қазақ хандығы дәуірінен жеткен ескерткіштер санаулы ғана. Солардың ішінде үлкен жаңалық болғаны – төлқұжаты, бәрі көрсетілген ұстын. Суретте нөмерімен бәрі жазылған. Төлқұжатында бұл ұстынның Әлқожа ата ескерткішінен алынғаны да жазылып тұр. Әлқожа ата кесенесі де қазір қалпына келтірілген ескерткіштердің бірі. Бұл ұстындағы ою-өрнек қазақы ою-өрнекке өте жақын. Біз осыған бірінші кезекте назар аудардық. Ағаштан шабылып жасалған ұстынның биіктігі 2,66 м дей аламыз. Үстіңгі бөлігінің ауданы 28,5 х 28 х 26,5 см. Табанының диаметрі 19 см. Ұстын жоғарыдан төменге қарай кішірейеді. Біз тек ою-өрнекке сүйеніп қалмадық. Осы бағананың төменгі жағында, өрнектер ішінде араб цифрларымен «1196 санат» деген ұстынның жасалған уақыты белгіленіпті. Жыл астында тағы бір қатар араб графикасымен жазылған жазу бары байқалады. Һижраның 1196 ж. Қазіргі жыл санауға өткізсек, 1782-1783 жылдары болады. Яғни ұстын 14-ғасырдың соңғы ширегінде жасалған. Мұны Қазақ хандығы дәуірінің сәулет өнерін көрсететін бірден бір ескеркіш осы ұстын деуге болады,-деді ғалым.

«ҚИССА-ДАСТАН ШЫҢҒЫСХАН»

Түркістан тарихы үшін маңызды бір жағдай – Түркістан қаласындағы 1228ж-1813ж қазақ сұлтаны Әліақбар тапсырмасымен жазылған «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазба және ту басы ғылыми айналымға енуі. Ғалым, профессор ерекше қолжазбаны да таныстырды.
–Түркістан қаласының ең соңғы ханы Тоғай хан деген кісі болған. Қоқандардың алдында яғни Қоқандармен соғысқан. Оның інісі Әліақбар деген кісі болған. Сол тұлғалардың ұрпақтарынан сұрастырып жүріп, ұрпақтарының қолында кейін келе хан болған Әліақбар сұлтанның туының басы және сол тұлға жайлы жазылған кітап барын білдік. Әліақбар ханның ұрпағы Әміре Бекайдар Төлжанұлының отбасында сақталған ту басы бар. Өкінішке қарай, бізде қазақ хандарының ту басы немесе тулардың өзі сақталмаған. Сондықтан да бұл бізге өте құнды дүние болып саналды. Өйткені біз Қазақ хандығы, мемлекетіміз жайлы айтқан кезде осы ту басы біз үшін басты айғақтардың бірі болып саналады. Соған қол жеткізгенімізге қуанамыз. Енді келесі бір құнды жәдігер – ол осы сұлтан жайлы жазылған қолжазба. Бұл 1813 жылы қазақ сұлтаны Әліақбардың тапсырысымен жазылған «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазба. Онда Ұлы даланың аңыз-әфсаналары, тарихи шежірелері баяндалады. Ең бастысы шығармада қазақ хандары туралы құнды мәліметтер кездеседі. Бұл аса құнды тарихи шығарма болып саналады. Осы уақытқа дейін «мына тарихи қолжазбаны қазақ ханы не сұлтаны өз тапсырысымен жаздырыпты» дегенді кездестірген жоқпыз. Қазақ хандарының астанасы Түркістан қаласында жазылып, біздің қолымызға аман жеткен бірден-бір тарихи шығарма. «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазбаның авторы түркі тілінде жазылған «Дафтар-и Чингиз-намені», Әбілғазының «Түркі шежерісі» сияқты қолжазбалармен, парсы тіліндегі тарихи шығармалармен, қазақ хандарының шежірелерімен басқа да еңбектермен таныс болған және оларды пайдаланған. Яғни «осындай құнды тарихи қолжазбалар, шығармалар Түркістан қаласында болған» деуге негіз бар. Бұл Түркістанның рухани орталық болғанының тағы бір айғағы. Екіншіден бұл қолжазбада басқа деректерде кездеспейтін қазақ билеушілері олардың жерленген орындары, Тәуке ханның Исфаханмен байланысы туралы мәліметтері тың болып табылады. Біз жобалап жүрген Жәңгір хан, Тәуке хандардың осы жерде жерленгені жайлы айтылады. Тағы бір топ қазақ хандарының Түркістанда жатқандығы жайлы да жазылған. «Қисса-дастан Шыңғыс хан» қолжазбасында кейбір шатасулар орын алғанымен кейінгі қазақ хандарымен сұлтандардың шығу тегі, шежіресі туралы жазғандары басқа деректермен сәйкес келеді. Бұл қолжазбамен тарих ғылымдарының кандидаты, шығыс жазбаларды танудағы еліміздегі бірден-бір маманның бірі. Сол кісі осы жазбаны оқып, талдап еңбек шығарып жатыр. Қазақстанның орта ғасырлар дәуірінің тарихи тұлғалары туралы ақпарат беретін қазақ жерінде түркі тілінде жазылған тарихи деректер көп емес. Яғни қорыта айтқанда ту басы мен шежіре-қолжазба қазақ тарихы үшін құнды дүниелер тобына жатады,-дейді Мұхтар Қожа.

ТӨЛЕН КЕСЕНЕСІ

«Біз Түркістан айналасындағы барлық ескерткіштерді санап білдік» деп айта алмаймыз» деген ғалым Түркістан өңірінен табылған жаңа ескерткіш туралы да айтып берді.

– Тау арасында аты да ерекше Өгізтау деген жер бар. Сол таудың іргесіндегі ескі қалашықтың орнын тауып, ғылыми айналымға енгізген белгілі археолог, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов. Біз осы қалашықты тағы бір тексеріп, сол өңірмен танысуға барғанымызда соның етегінде орналасқан бір ескерткіш назарымызға ілінді. Оны қарап ерте заманның құрылысы екені анықталды. Кесененің бергі беті қайта салынып, кейбір жері қазіргі заман кірпішімен өрілгені байқалып тұр. Бір өкініштісі Сталинге ескерткіш қоятын кезде сол жердің адамдары келіп, осы ескерткіштің қышын бұзып алып кеткен екен. Бұл кесене ғылыми тілмен айтқанда екі камералық кесене болып саналады. Ішінде бірнеше адамның жерлеу орындары бар екені белгілі болды. Бұл ескі дәстүрмен 19-ғасырға сай келетін үлгімен салынған құрылыс. Күмбезі сақтаулы. Тау жақта болған соң, ішіндегі белгілері ескіден қалған. Ішінде арқардың, тағы басқа жануарлардың мүйіздері сақталған. Айта кетейін, өздеріңіз де білесіздер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде де арнайы мүйіздер қойылған. Енді Түркістанның айналасындағы ескерткіштер жайлы қаншама еңбек бар. Бірақ сол еңбектің ешқайсысында осы кесене аталмайды екен. Сондықтан біз осы кесенені де арнайы Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейінің есебіне алу керек деп санаймыз. Бұл үшін бірнеше мақала да жарияладық. Бұл Түркістан облысының жаңа ескеркіші – Төлен кесенесі деп аталады. Қорыта келгенде біз өткенді тану үшін осындай жаңа ескерткіштерді іздестіріп, жаңа дерек көздерін табуымыз керек. Сонда біздің тарихымыз жайлы, ескерткіштеріміз жайлы ұғымымыз кеңейе түседі,-деді ғалым Мұхтар Қожа.

Жанерке ХУМАР