Түркістан қаласының сәнін келтірер жобалар апта сайын ашылып, елдің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ашық аспан астындағы демалыс орындары да күн санап көбейіп жатқанына куә болудамыз.

Қала әкімінің айтуынша жыл сайын қаламызда 10 аллея ашып отыру жоспарға алынған. Өткен жылғы қорытынды бойынша жалпы ауданы 13 гектарды құрайтын 8 аллея ашылса, биылғы жылы 8 айда осындай демалыс орындарының 13-і тұрғындар игілігіне ұсынылған. Олардың жалпы аумағы 63 гектар. Жыл соңына дейін мұндай алаңдардың көлемін 100 гектарға жеткізу жоспарланған.

Келесі жылы әкімшілік-іскерлік аймағын көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Аталмыш жұмыстардың барлығы Түркістан қаласын шаң-тозаңнан қорғау мақсатында қолға алынған шаралар болып табылады.

Сонымен қатар, «біткен істе сыншы көп»- дегендей, атқарылған кейбір істерге тұрғындардың көңілі толмай жататынын көріп отырмыз. Сондықтан, қала басшысы Рашид Абатұлы Аюповтың бастамасымен #ХалықтықЖоба бағдарламасы бастауын алған еді. Бұл жобаның арқасында белгіленген аумаққа салынатын аллея, спорт алаңдары мен көгалдандыру жұмыстарына сол маңдағы тұрғындардың ат салысуына мүмкіндік бар. Яғни, олар өздеріне ыңғайлы етіп үлгісін сызып, дайындауға мүмкіндік алып отыр. Осындай елмен бірлесіп жасалған жобалар бүгінгі күні төртеу болды.

Олардың құрылыстары толық аяқталып, халықтың қолданысында. Алдағы уақытта газ жүргізу жұмыстарына да ХалықтықЖоба арқылы тұрғындарды араластыру жоспарланған.