Бүгін Рашид Абатұлының басшылығымен апталық мәжіліс өтті. Мәжілісте күн тәртібінде тұрған бірқатар өзекті мәселер талқыланып, әкімдіктің жауапты бөлім басшылары тарапынан жасалып жатқан жұмыстар барысы айтылды.
Түркістан қалалық Инфрақұрылым және Коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрлан Қарабалаұлының есебінше, қазіргі таңда қаланың 62,2 пайызында газ құбырлары тартылып, 32358 абоненттің көгілдір отынға қосылу мүмкіндігі бар. Оның ішінде 22,3% яғни 11 600 абонент табиғи газге қосылған. Басқа да тұрғындардың газ құбырларын үй ішіне кіргізуі бойынша түсініктеме жұмыстары атқарылып, мердігер мекемелермен келіссөздер жүргізілуде. Қала басшысы тарапынан 30 қазанға дейін газ беру жұмыстары толықтай бітпеген жағдайда жауапты тұлғалар тарапынан айыппұл төленуі және тұрғындардан кешірім сұрауы талап етілетіні ескертілді.
Жылу маусымына дайындық барысында Түркістан қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының ықпалымен қаламызда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының мұржаларын тегін тазартып беру жұмыстары қолға алынған. Сонымен бірге, қазіргі таңда аталған бөлім көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу пештерінің сапасын тексеріп, газ құбырлары жүргізілген аймақтарға газды қолдану техникалары жазылған ескертпе қағаздарын тарату шараларын жүзеге асыруда.
Өз кезегінде қаламызда орындалып жатқан карантин шаралары жайында Түркістан қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Г. Абишева сөз сөйледі.
Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №40 Қаулысына сәйкес қаламызда карантин талаптарына бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Айыппұлмен емес, індеттің қауіп-қатері жөнінде түсініктеме жұмыстары жүргізілу маңызын айтқан Рашид Абатұлы қоғамдық көліктердегі дезинфекциялау жұмыстарының күшейтілу қажеттілігін ескертті. Қыс уақыты жақындауына және жұқпалы респираторлық ауруларға шалдығу қауіпі күшею мүмкіндігін ескере, санитарлық талаптарды сақтау шаралары жөнінде тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жанданады.