«Қызыммен ұрысып қалдым», «Ұлым мені тыңдамайды». Ата-ана мен перзент арасында осындай түсінбеушіліктер жиі орын алады. Біреулер мұны өткінші шақтың әсері десе, енді біреулер нашар тәрбиемен байланыстырады. Алайда қай ата-ана болмасын, «ұл-қызым жаман болсын» демейді. Қолдан келгенше тырысып-бағады. Бірақ, кейде шамадан тыс өбектеудің өзіне таяқ болып тиетінін ескермейді. Редакцияға келіп, тағдыр тауқыметін бөліскен оқырманымыз ұл-қызының жүгенсіз болып бара жатқанына налиды. Қай тұстан қателік жібергенін түсінбей дал болады. Санасындағы сан мың сауалға жауап алу үшін маман көмегіне жүгініп «Психолог бұрышы» арқылы кеңес сұрауды жөн көріпті. Өзге ата-аналарға да құлаққағыс болсын деген ниетте оқырманымыздың хикаясын жариялап отырмыз. Бәлкім бұл оқиға сізге де ой салар.
5 БАЛАМЕН ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫМ
Өзін Индира деп таныстырған оқырманымыз өз әңгімесін жолдасының мезгілсіз қазасынан бастады.
— Күйеуім 2019 жылдың сәуір айында кенеттен науқастанып қалды. Оны емдетемін деп ары шапқыладым, бері шапқыладым. Ем-домына деп қарызға ақша алдым. Дәрі-дәрмегіне жетпеген соң, несие алуға тура келді. Алайда, бәрі бекер. Беті бері қарамады. Керісінше күн өткен сайын жағдайы нашарлай берді. Араға бір ай салып бақилық болды. Асыраушы, жанашыр, қамқоршы, асыл ерден айырылу қиын екен. Әсіресе, жасың енді ғана 35-ке толғанда. Пешенеге жазылғанға көнеді екенсің. Амал нешік. Осылайша, енді ғана бой түзеп, өмірдің қызығын көремін деген шағымда мойнымда 5 бала мен қордаланған қарыз қалды,-деп жылып қоя берді Индира.
Ол кезде Индира бесінші перзентін енді ғана босанған еді. Сондықтан да оған қол қусырып, қайғының қара жамылғысын киіп отыра беруге болмайтын еді. Балалары үшін белін бекем буып, қолдан келгенше еңбектенуге тырысты. Бес-он тиын тапса да, балаларым ішсін, жесін деп тыраштанды.
— Мемлекеттен «асыраушысынан айырылған» статусымен — 5 балаға жәрдемақы алып отырмын. Бұдан бөлек көпбалалы отбасы болғандықтан — 53 мың теңге аламын. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек ретінде әр балаға — 21 мың теңге алып отырдым. Өкінішке қарай, биыл бұл сомма қысқарып — ай сайын 5 мың теңге тағайындалып отыр. Бірақ, қарап отырған жоқпын. Қолым қалт етсе, түрлі дәм пісіріп сатамын. Біреудің еденін, кірін жуып тағы да бес-он тиын табамын. Былай қарағанда, отбасымызға көп ақша кіретін сияқты. Бірақ, алтаумыздың ішіп-жемімізден, пәтер ақысынан, коммуналдық қызметтерден артылмайды. Көбіне, балалардың сұрағанын, қажетін алып бере алмай қиналамын. Содан үйде ұрыс шығып, ұл-қызым жоқшылыққа мені кінәлайтын болды.
ҮЙДІ САТУҒА ТУРА КЕЛДІ
Индира жолдасының көзі тірісінде жоқшылық деген не екенін білмегенін айтады. Өзі де, жолдасы да жұмыс істеп, жақсы табыс тапқан көрінеді. Үлкен ұл-қызы ата-әжесінің тәрбиесінде болған. Сондықтан да шығындары да көп болмағанын айтады. Өздерінің үйлері болған. Алайда жолдасының ауруы мен қазасы оларды қатты есеңгіретіп тасатайды. Күйеуінің еміне, дәрісіне деп алған қарыздар мен несиені төлеу үшін үйлерін сатуға тура келіпті. Қалған қаражатқа жер телімін алып қояды. Сондағы үміті үй салу. Алайда, 5 балалы жалғызілікті келіншек үй салмақ түгілі, балаларын тәртіпке шақыра алмай әлек.
— Қызымның жасы 15-те. Одан кейінгі ұлым — 14 жаста. Екеуі де ата-енемнің қолында өсіп, тәрбие алды. Сол кісілер әбден еркелетіп тастаған. Жолдасым қайтыс болған соң, өз балаларыңа өзің еге бол деді. Содан міне, 1,5 жыл болып қалды бірге жалдамалы пәтерде тұрып келеміз. Ұл-қызым мені тыңдамайды. Маған қолғабыс болмайды. Соңынан ерген бауырларына да көз қырларын салмайды. Таңнан кешке дейін қолдарынан телефон түспейді. Кейде «единица» салып бере алмай қаламын, кейде сұрағандарын алып бере алмаймын, себебі қол қысқа. Алайда балаларым оны түсінбейді. Жоқшылыққа мені кінәлайды. Маған ұрысады. Үйден кетіп қалып қорқытады, — деп күрсінді Индира.
БАЛАЛАРЫМ ТЫҢДАУДАН ҚАЛДЫ
Индира «балаларым өтпелі шақты бастан өткізіп жатыр» деп ойлайды Сондықтан да оларға ұрыспауға тарысады екен. Бірақ, бауыр еті перзенттерінің мейірімсіздігінен қорқады. Әкесінің жоқтығына иланып, анасының қиналып жүргеніне жаны ашымағанына іштей күйінеді. «Балаларым» деп шырылдап жүргенде олардың анасына, бауырларына бүйрегі бұрмайтынына қапалы.
Кенжесі қайта балабақшаға барса, Индира қайта жұмысқа шыққысы келеді. Алайда, бала тәрбиесінде онсыз да ақсап жүрген ана қайта қателік жіберіп, кішкентайларының да аға-әпкесінің жолын қайталағанын қаламайды. «Барынша перзенттерімнің қасында болсам» дейді. Дұрыс тәрбие беріп, жақсы азамат болып өскендерін қалайды. Уақыт өте үлкендері де қалыптасқан жағдайды қабылдап, анасына қолқанат болатынына сенеді.
Жалзызілікті көпбалалы ана мемлекеттік қызметкер ретінде 2014 жылы баспана кезегіне тұрыпты. Ал 2019 жылы ол «көпбалалы» аналарға арналған жаңа санатқа енгізілген. Қазіргі уақытта өз кезегін күтіп жүр.
«Үй салсам» деген ниетінен қайтпай отыр. Себебі бір емес төрт ұлы бар. Және оларға үй салатын жері де дайын. Бірақ, оған құрылыс жүргізуге бір өзінің шамасы жетпейді екен.
Индира, өз оқиғасымен бөлісе отырып, газет оқырмандарынан көмек сұрайды. Жаны жомарт, қолы ашық, көмектесуге ниеті бар жанның табылып, жесір, көпбалалы ананы өз қамқорлығына алатынына сенеді.
Жазып алған –
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат»,№41, 8 қазан 2020 ж