Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өзекті мәселелердің дереу алдын алмаса, кейін резонанстық жағдайға алып келіп жатады. Сондықтан ауылдағы өзекті мәселерді дер кезінде анықтап, оны шешу жолдарын халықпен бірге іздеу оң шешім.
Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кері байланыс орнату және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында жиын өтті.
Жиынға аудан әкімі Ұ. Садибеков, ауыл округі әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық полиция басқармасы, Қарабұлақ ауылдық округі әкімі аппараты, көше комитетінің төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі тақырып аясында Қарабұлақ ауылының әкімі Мамуржан Қорғанбайұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақылбай Жүсіпбекұлы және Сайрам аудандық полиция басқарма бастығының орынбасары Ботабеков Сапарғали Жорабекұлы баяндама жасады.
– Қарабұлақта тәртіп болса, осындағы ұл-қызымыз тәртіпті ауылда өседі. Ауылда заңдылық сақталса, әрқайсыңыз сол заңдылықтың сақталуын талап етсеңіздер, басқа біреудің емес, дәл осы ауылда туған балалар заңдылық шеңберінде бой түзейді. «Елдік» деп осыны айтады, ағайындар. Елдің тыныштығы, ұлтаралық келісім – бұл біздің байлығымыз, құндылығымыз. Бейбітшілік орнату жолында бірлесіп жұмыс жүргізу – біздің міндетіміз, – деді жиынды қорытындылаған аудан әкімі.