Жас ана мен қос бүлдіршіннің өмірін қия жаздаған газ колонкасы дәл осы. Мамандар оны өз арасында «ағынды жылытқыш» деп атайды. Ал, бұл құрылғыны газдан улана жаздаған әйел «тіпті ойыма да алғым келмейді» деп ашынады.

Зардап шеккен азаматша: «Менің жолдасым ванна қабылдап болған соң, балаларымның бозарып кеткенін байқадым. Ал, кенже балам тіпті есінен тана жаздады. Осыдан кейін өзімнің де мазам қаша бастады. Бірден жедел жәрдемді шақырдық. Бәріне көгілдір отын кінәлі».

Шын мәнінде жағдайдың орын алуына тілсіз жау яғни, улы газ себеп болған. Бөлмеге иіс пен түссіз енетін ол ақырындап жан біткеннің барлығын улай бастайды.

Айта кетейік, көпқабатты бұл үйге газ колонкасын орнатуға рұқсат жоқ. Бірақ, бұған көндігіп, түсінетіндер қарасы аз дейді мамандар.

Жылыту маусымы қаламызда әлі бастала қойған жоқ. Дегенмен, соңғы кездері газдан улану жағдайы тым жиілеп кеткен. Қазан айынан бері қалада қайғылы 10 жағдай тіркеліп, 20 адам зардап шеккен.

                                                                                                 Назерке Үкібасова