Жастарға арналған денсаулық орталығында 2 мың жас қызмет алған

188

 

Шымкентте жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Бүгін орталықтың таныстырылымы өтті.

Бұл мекеме Абай ауданына қарасты №13 емхананың жанынан ашылып отыр. Қазірдің өзінде мұнда 2 мыңдай емделуші қызмет аған. Мекемеде қандай медициналық қызметтер көрсетіледі? Жастардың денсаулығын нығайтуда қаншалықты септігі тиеді?

Осыдан 2 ай бұрын Шымкенттегі №13 емхана жанына ашылған жастар денсаулығы орталығында осыған дейін 2 мыңдай жас қызмет алып үлгерген. Мұнда терапевт, гинеколог, уролог, психолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Ақ халаттылар бұл орталық ерте жүктілікті болдырмауға, жастар арасында аурушаңдықты жоюға сеп болады дейді.

Халима АРАПБАЕВА, бөлім меңгерушісі: «Ауданда 6 мектеп, 6 колледж және бір ЖОО-ға қызмет көрсетеміз. Қазірдің өзінде 17 мыңнан астам емделуші тіркелген».

Бүгінде еліміздегі жастардың денсаулығы дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Қазақстандағы 1000 қыздың 25-і жасөспірім кезінде жүкті болады екен. Ал әлемнің дамыған елдерінде мұндай жағдайлар мың қыз арасында небәрі 2-3-уінде кездеседі дейді сарапшылар. Сонымен қатар, жастар жыл сайын ВИЧ-инфекциясына шалдыққандар қатарын толықтырып отыр. Жылына 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40 шақтысы қауіпті инфекцияны жұқтырады екен.

Райымбек СИССЕМАЛИЕВ, БҰҰ өкілі: «Жастардың болашағы алда. Сондықтан олардың денсаулығына ерекше көзқарас керек. Жас буынға денсаулық туралы дұрыс ақпарат берілмесе, онда олар ғаламторға жүгінеді. Интернеттегі қате ақпараттарға тап болады. Ал мұның қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті».

Сондай-ақ, дәрігерлер қазір жастар арасында асқазан, көз аурулары жиілеп бара жатқанын айтады. Орталыққа қыз-жігіттер осындай шағымдармен жиі жүгінеді екен. Алдағы уақытта мұндай орталықтар өзге 3 ауданда ашылады деп күтілуде.

Мақпал РЫСБАЕВА