Шымкентте 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді. Айтуынша, бұл жүйенің енгізілуі осы тасымал саласындағы көлеңкелі бизнесті жоюға сеп болады екен.
– Қалада қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу 15 қазанда іске қосылады. Бұл жүйеге 1 қарашада толық көшеді. Жолаушылар сол уақытқа дейін қолма-қол және төлем карталарын қолданып, жолақысын төлейді. Ал 1 қарашадан бастап дифференциалды тариф енгізілмек. Бұл дегеніміз – карта арқылы төлейтіндер 70 теңге төлесе, қолма-қол ақшамен төлейтіндер 100 тг төлейді. Бүгінгі таңда 350-ге жуық автобусқа стационарлы құрылғы қойылды. Алдағы уақытта бұл жүйемен 700 қоғамдық көлікте жолақы үшін есеп айырысуға болады. Осылайша, әр бағыттың тиімділігін анықтап, тасымалдаушылардың көлеңкелі бизнесін тоқтатуға мүмкіндік аламыз,-дейді қала әкімінің орынбасары.
Электронды төлем жүйесін енгізуді «QazSmartTrans» компаниясы жүзеге асырып отыр. Әкім орынбасарының сөзінше, бұл жобаға мемлекет қаржысы жұмсалмайды.
Аталған компания төлем карточкаларының бірнеше түрін шығарыпты.
Біріншісі — стандартты. Бұл карталарды кез-келген жолаушы пайдалана алады. Екінші түрі – оқушыларға, үшіншісі — студенттерге арналады. Төртінші карта – әлеуметтік жеңілдік картасы болады. Оны автобустарда тегін жүретін санаттағы азаматтар пайдаланады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, Алтын алқа,
Күміс алқа иелеріне, зағип жандар тегін жүреді. Жеңілдік картасын алу үшін сол санатқа жататын адамдар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып тіркелуі қажет. Олар бұл картаны тегін алады. Мұндай жеңілдік қаралмаса да электронды төлемде түрлі құйтырқылық жасайтындар 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейді екен.
– Құны 500 теңге тұратын төлем карталарының жолаушылар үшін тиімділігі мол. Автобуспен ұдайы қатынайтындар үшін түрлі жеңілдіктер бар. Мәселен, бір сағат ішінде екі автобусқа отыратын болсаңыз, бір автобуста жүру тегін түседі. Карточкада ақшаңыз таусылып қалса да алаңдамайсыз. Себебі, электронды төлем жасаудың бірнеше жолы қарастырылған. Банк қосымшалары арқылы және Qiwi кошелекпен картадағы ақшаны толтыруға болады. QR код арқылы төлем жасау мүмкіндігі де қаралған,- дейді «QazSmartTrans» ЖШС директоры Сержан Ақылбаев.
Айта кетейік, төлем карталары қаладағы 3000-нан астам дүкенге таратылады. Электронды төлем жүйесіне қатысты барлық қосалқы ақпаратты Open Shymkent мобильді қосымшасынан білесіз.
Альтернативті жүйенің тиімділігі оқушылардың қай бағытта, қандай көлікпен кетіп бара жатқанын ата-анасы бақылап отыра алады екен.
Жобаны жүзеге асырушы «QazSmartTrans» ЖШС бұл жобаны іске асыруға 1 млрд теңге жұмсаған. Сөздерінше, қайтарымы бүгін-ертең болатын жоба емес. Кемі 5-6 жылда өзін-өзі ақтап, табыс әкеле бастайды. Десе де демеушілер «бастысы қаражат емес, көрсеткіш» деп отыр.
Бүгінгі танда, жүйені енгізу үшін көлік компанияларымен шарт жасалды. Автобустарға валидаторларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымша әзірленді. Тұрғындарға тиісті мәліметті беру үшін 4 операторы бар CALL-орталығы ашылды. Тел нөмірі: 8 775 811 22 22.
Бекітілген кестеге сәйкес 30 қыркүйекке дейін автобустарға валидаторлар толығымен орнатылады.
Мақсұт Исаховтың сөзінше, қоғамдық көліктерді модернизациялау жобасы бойынша, алдағы уақытта қала ішінде қатынайтын автобустардың бағыттары толығымен ауысады. Қалада тағы 4 жолайырық салынады. Бұл қаладағы көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді екен. Нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Қазір 2 жолайырықты салатын мердігерлер компаниялар да анықталған. Жолайрықтың бірін әйгілі BI Group компаниясы жүргізеді. Келесі жылы тағы бір жолайрық пайдалануға беріледі. Жолайрық салу құрылысы 2024 жылға дейін жалғасады.
А.Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №40, 1 қазан 2020 ж