Шымкент қаласында эпидемияның екінші толқынына дайындық кезінде реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозаторлар, 266 реанимациялық мониторлар және 381 медициналық сорғыш қондырғылар сатып алынды.

Бұл жөнінде бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлім етті.

– Қалада 3 оттегі станциясын орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Екеуі Қалалық инфекциялық аурухана базасында және біреуі №3 қалалық ауруханада. Бұдан бөлек медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, 13 санитарлық көлік демеушілік ретінде берілген. Мұнан өзге, медициналық ұйымдарда 612 ИВЛ аппараттары жұмыс жасайтын болады. Жыл басында 310 ИВЛ аппараты болса, қосымша 156 ИВЛ Денсаулық сақтау министрлігінен жеткізілді. Одан басқа демеушілік көмекпен 20 ИВЛ аппарат және 98 оттегі концентратері берілді. 126 дана ИВЛ аппараттары жергілікті бюджеттен сатып алынуда.

Енді алғаш рет Шымкент қаласында «Қазмедприбор» ЖШС ИВЛ аппараттарын шығаруды бастады. Мекеме күніне 20-25 ИВЛ аппарат шығаруға қауқарлы. Одан басқа 300-ге жуық медициналық жабдықтар шығарылады.