Абылай хан қабірі мен сүйегін қалай анықтаған? Ғылыми зерттеу

861

Түркістан қаласы – тарихы терең, халқымыздың біртуар ұлдары жерленген киелі мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Қазақ ордасындағы Ұлы хандардың бірі – Абылай хан жерленген. Жұртшылық Абылай ханның жатқан жері ретінде кесенеге барып дұға бағыштайды. Осы тұста Тарих ғылымдарының докторы, А. Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожа Ұлы хан — Абылай хан қабірінің зерттелуі туралы әңгімеледі.

Ешбір қабірде Абылай хан аты жазылмаған

«Абылай хан қабірінің зерттелуі кітап болып басылып, көптеген мақалада қамтыған. Абылай хан – тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол тұлғаны тек Қазақстан емес әлемнің мойындағанының белгісі ретінде Планетаның «2000 ұлы тұлғасы» атты анықтама кітапқа қазақтан екі кісі енген. Соның бірі – Абылай хан, енді бірі – Н. Назарбаев» деп сөз бастаған белгілі ғалым Абылай ханның жерленуіне қатысты бастапқы ғылыми проблемаларға тоқталды. Хан қабірінің зерттелуі тек еліміз тәуелсіздік алған соң барып, қолға алынғанын айтты.
– Біріншіден, Абылай хан дүние салған соң Түркістанда жерленгені тарихи деректерде аталады. Алайда шығыстанушылардың зерттеулері бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі және айналасында жатқан құлпытастардың ешқайсысында Абылай аты жазылмаған. Екіншіден, «Абылай хан бейітінің орны, құлпытасы қайда?» деген сұраққа ғылыми негізде жауап болмады. Кеңестік дәуірде хандарды, тарихи тұлғаларды зерттеуге көңіл бөлінбеген. Абылай хан қабірін зерттеу мәселесі 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін қолға алынды. Бізде Диваевтың көшіріп алуымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі барлық жазудың аудармалары Ахмеровтың зерттеу мақаласында жарық көрген болатын. Кесенедегі құлпытастардағы жазуларды белгілі шығыстанушы Әшірбек Муминов пен Өзбекстан ғалымы Бабажан Бақтияр және түркістандық Зікірия Жандарбек деген шығыстанушылар оқып, кесенедегі тастардың бір де бірінен Абылай ханның аты кездеспегенін айтады. Абылай хан туралы барлық іздену жұмыстары екі бағытта жүргізілді. Біріншісі: Тарихи деректер мен құжаттардың мән-мағынасымен танысу және олардың шындығын анықтау. Екіншісі: Археологиялық және антропологиялық зерттеу. Белгілі ғалымдардың зерттеуімен жарық көрген «Тарихи анропологиялық зерттеу» деген еңбегіміз 1999 жылы жарық көрді. Бұл кітапта негізгі мәліметтердің барлығы қамтылды. Ш.Уәлиханов атындағы тарихи институты бар. Сол институттың журналында Абылай ханға байланысты қосымша деректер жарық көрді. Мұның қазақша нұсқасын біздің Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті шығарған «Қазақ хандығы» атты жинақ бар. Сол жерде «Тағы да Абылай ханның жерленген орны хақында» деген мақала басылды. Біз әлі де ізденіс жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде табылған деректердің барлығын жинақтап, жеке кітап етіп шығару үмітіміз бар,-дейді ғалым Мұхтар Қожа.

Хан қабірін анықтайтын 15 дерек

Профессордың айтуынша, ғалымдар зерттеу жұмыстарын ең алдымен тарихи деректерді талдаудан бастаған. «Абылай хан бейітінің орны, құлпытасы қайда» деген сауалға жауап беру үшін ең алдымен осы мәселеге қатысты мүмкіндігінше барлық ақпарларды іздестіріп, жинап, талдапты.

– Қарқынды ізденіс нәтижесінде, қазір мұндай ақпарат саны 15-тен асады. Жиналған ақпараттың барлығында Абылай хан бейіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішінде жатқанын көрсетті. Бір де бір деректе «оның қабірі кесененің сыртында» деп айтылмады. Мен 15 деректің бәрін тізе бермей, «қабір нақты кесененің қай жағында» дегенге жауап беретін еңбектерді көрсетіп кетейін. А.К. Гейнстің «Собрание литературныхъ трудовъ» атты еңбегінде қабір кесененің ішіндегі ұзын қараңғы дәлізде орналасқанын және оны жергілікті молдалар көрсеткенін, оған дұға бағыштап оқытқанын жазады. Белгілі қазақтың біртуар жазушы азаматы Жүсіпбек Аймауытов Қ. А. Ясауи кесенесінде болғанда «Жағаласаң дәлізде, мұздай жылтыр, айнадай тегіс, шимайша ойып келтірілген, олпы-солпысыз, үшкір сұлу жазулары жалап қойғандай мүлткісіз. Ағы мен көгі қара батсайыдай аралас тандиланған, айқасқан…. құлпырған көк мәрмер айта қалғандай сұлу екен. Біраз уақыт қарап тұрдым, кете алмадым» деп Абылай хан қабірінің құлпыстасы жайлы айтқаны бар.
Демек Аймауытов та, Гейнс те құлпытастың дәлізде жатқанын мәрмер болғанын, ағы мен көгі аралас батсай болғанын, (батсай – матаның түрі) қай құлпытас Абылай ханға тиесілі екенін анықтауға көмек береді. Абылай хан ұрпағы, белгілі ақын Шәді төре мәліметі хан бейітінің орнын бұдан да нақтырақ белгілеуге мүмкіндік береді. Шәді төре бабасына арнаған дастанында ханды жерлеу үшін:
«Әзіреттің босағасынан орын қазған кейін, «Мәрмәрдай асылдығы Гауһарға ұқсас» тас қойғанын көрсетеді. Осыдан біз «Абылай хан бейіті Қ.А. Ясауи жатқан бөлменің босағасында, есік табалдырығында» деп топшылаймыз. Қ.А. Ясауи жатқан бөлмеге кіретін 4 есік бар. Бірақ тек шығыс жағынан кіру есігінің алдында ғана көлденең қойылған үлкен құлпытас бар. Осы құлпытас орны Шәді Төренің Әзіреттің босағасындағы Абылай бейіті орнына сай келеді. Және құлпытас жатқан бөлме Гейнстің Абылай хан бейіті орналасқан ұзын, қараңғы коридор, Ж. Аймуытовтың дәліз дегеніне сай келеді. Шәді төре мен Ж. Аймауытовтың құлпытасқа берген сипаттамасы сәйкес келеді. Бұл айтылған деректер 20-ғасырдың басында шығыс тілдерін білетін Н.С. Лыкошын деген маманның 1902 жылы Қ.А. Ясауи кесенесіне келгені жайлы жазбасы «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланған. Газетте: «Осы жерде ерекше бір тас бар. Бұл Абылай ханның қабір басына қоюға арналған мәмәр тасы» деп жазылған. Осылайша мақалада сол тастың ерекше белгісін айтады.
Бұл сипаттамалар да жоғары да айтылған сипаттамалармен сәйкес келіп тұр. Енді М. Дулатовтың жазбаларына назар аударсақ: «Қожа Ахмет Ясауидің бірнеше бөлмелері бұзылып, құлағалы тұр деп қауіп етіп, үкімет осы күні печаттап қойыпты. Абылай хан жатқан бөлме Ақсарай деген бөлме, зиратхана деген бөлме, һәм мешіттің құдығы – бәрі де жабулы» деп айтқан. Және Н. Н. Балкашин деген зерттеуші болған. Өңіріміздің тарихына қызыққан, арнайы еңбектер жазған адам. Оның 1887 жылғы еңбегінде Әзірет Сұлтан мешітінде Абылай ханның қабірі бар екенін, оның басына тас алып келгені, бірақ ол тастың бетінде Сүйінші Қожаның аты жазылғанын көрсетіп кетеді. Абылай хан қабіріне қатысты соңғы табылған деректі де айта өтейін. Бұл атақты зиялы адам Мұхамеджан Тынышбаевтың Өзбекстан мұрағатханасынан арнайы бір жарияланбаған мақаласын таптық. Ол архивтен алған құжатта құлпытасқа тапсырыс берілгені, «оны Ташкентте жасаймыз» деп 40 бие алынғаны және сол тасты Түркістанға алып келіп, Абылай ханның басына қойылғаны айтылады. Кесенедегі басқа тастарға қатысты жазба дерек жоқ. Дәл осы тасқа қатысты көп дерек бар. Сондықтан Абылай ханның қабірі осы тастың астында болу керек деген ғылыми жорамал болды,-деді Мұхтар Қожа.

Абылайдың тісі ерте түскен

Осы тұста оқырман санасында «кесенедегі басқа тастар сияқты бұл тастың да орны жылжып кеткен жоқ па» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сұраққа Мұхтар Қожа былай жауап берді.

– Кесенедегі көптеген тастың орны жылжып кеткен. Сондықтан реставраторлардың архивтегі сызбалары тексерілді. Сонда дуалға, қабырғаға жабысып тұрған тастар жылжытылғаны белгілі болды. Себебі олардың астына іргетас құю керек болған. Ал бұл құлпытас есік алдында тұрғаны себепті жылжытудың қажеті болмаған. Бұл кесенедегі аса үлкен құлпытастың бірі. Шамамен салмағы 2 тоннадай тас. Сондықтан барлық сызбалар және Өзбекәлі Жәнібековтың естелігі бойынша бұл құлпытастың жылжымағаны анықталды. Сондай-ақ осы тастың астында «Абылай ханның қабірі бұзылмай сақталып қалды» деген шешімге келдік. Енді археологиялық және антропологиялық зерттеуді де айта кетейін. 1994 жылы мамырда «Казреставрация жобалау» институты қызметкерлерінің қатысуымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі келісімімен кесененің ішінде орналасқан Абылай хан қабірі деп аталатын мүрде үлкен темір жәшікке салынып, монолит-блок түрінде жеке қазып алынған. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі әкімшілігі келісімі бойынша Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология және этнология кафедрасының өтініші мен жергілікті әкімнің рұқсаты арқылы 1995 жылы мамыр айында алғаш рет темір жәшіктегі моланы археологиялық тұрғыдан зерттеу жүргізуге (экспертиза) рұқсат алынды. Антропологиялық зерттеу бойынша қабірде жатқан адамның бойы 164 см шамасында болды. Бұл Абылай ханның бойы жөніндегі мәліметтерге сәйкес келді. Абылай ханмен кездескен орыс капитаны И.О Бреховтың 1776 жылы жазған рапортында оның бойы туралы хабар бар. «Летами он, Абылай, хотя уже и не молод и по примечанию моему кажется за семдесять перешель, однако собою еще здоров и виден, росту небольшего» деп жазған. Міне сол адамның бойы мен тарихи ақпарлар сәйкес келіп тұр. Келесі назар аударатын үлкен бір жағдай –Абылай бас сүйегінің көзге ерекше түсетін патологиясы бар: ол — жоғарғы және төменгі жақ сүйектерінде бірде-бір тістің сау қалмай, түгелдей түсіп қалғаны. Тіпті тістердің жақ сүйектегі түбірлерінің орналасатын шұңқырларына дейін Абылайдың тірі кезінде-ақ бітіп кеткен. Тіс түбірлерінің шұңқырлары әбден бітіп кеткеніне қарағанда Абылай тісінен тым ерте, яғни 50-55 жас шамасында айрылған. Енді қабірден шыққан адамның да ешқандай тісінің ұясы жоқ. Енді Қазан қаласында шыққан атақты Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» атты еңбегін білесіздер. Осы еңбектен біз Абылай ханның тісіне байланысты ақпарды тауып алдық. «Абылай заманында батырлар бас қосып қалжыңдасып отырған екен. Сонда сөз талас туған. «Кім дарабоз болса, сол батыр» деп қалған екен Қабанбай. Ол бір кезде қайратымен қалмақты жалғыз қуған екен. Ел танитын батыр атағын содан алыпты. Сол кезде Абылай: «Менің ерлігім сенімен салыстырғанда қандай?» деген екен. Қабанбай тұрып, жұлып алғандай: «А, опырық, сен де менімен бірдей жүріп алғансың», — деп жауап қайтарыпты. Енді осы мәтіндегі «опырық» сөзі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «аузында бір тісі жоқ, қаусаған» деген анықтама береді. Тағы бір антрополог маманның назар аударғаны – қабірде жерленген адамның аяғының сол жақ ортан жілігі шамамен 45 жасында сынып, кейін қайта салынып бітіп кеткен. Жарақат орны, сипаты, ауырлығы мұның ауыр үшкір заттан болғанын яғни әскери жарақат екенін көрсетеді. Осы жағдайда зерттеуші Б.П. Гуревич еңбектерінің бірінде Абылайдың қытайлармен болған 1756 жылы шайқаста аяғынан қатты жарақат алғаны жөнінде орыстарға жеткен Абдулла Хаскиновтың хабарын келтіреді. 1756 жылы Қытайдың 100 мыңға жуық әскері Қазақстан жеріне кірген. Сол шайқасқа қарсы бүкіл елдің басын біріктіріп, жинаған осы Абылай хан болады. Абылайдың дене бітімі туралы жазба құжаттардың негізгі анықтамалары мен монолиттегі адам сүйегіне байланысты антропологиялық зерттеулердің нәтижелерін салыстырғанда олардың өзара сәйкестігі әсіресе патологиялық жағынан ұқсастығы бірдей дәрежеде болғандықтан, біз зерттеген жеке адамның қаңқа сүйегі – Абылайдан басқа адамның сүйегі емес екеніне әбден көзіміз жетті. Жалпы антропологиялық зерттеулермен қатар, ресей ғылым академиясының Этнология және антропология институтының арнайы пластикалық қайта қалпына келтіру зертханасында монолитпен алынған бас сүйекке бет-пішіннің көрініс бейнесі жасалады,-деді профессор Мұхтар Қожа.

Хан қабірі зерттелуін егжей-тегжейлі түсіндірген белгілі ғалым Мұхтар Қожа сөз соңында деректер мен хан мүрдесі деп нұсқаған қаңқаның сәйкес келгенін айтты.
– Деректер Абылай хан мүрдесі деп нұсқаған қабірдегі адам қаңқасын антропологиялық тұрғыдан зерттеу нәтижелері, дәлірек айтсақ, жерленген адамның бойы, жасы, кесел-сырқаты, жарақаты, оның оңқай болуы, жалпы дене бітім ерекшеліктері Абылай ханға қатысты мәліметтермен, дәлірек айтсақ, Абылай ханның бойына, жасына кесел-сырқаты мен жарақатына, оның оңқай болуымен жалпы дене бітім ерекшеліктеріне толығымен сәйкес келді. 2000 жылдың 17 наурызында Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи кесенесіне Абылай хан сүйегі Елбасының тапсырысымен арнайы құлпытас қойылып, қайта жерленді. Бұрынғы құлпытасы өзінің орнында тұр,-деп қорытындылады ғалым.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №44, 29 қазан 2020 ж