1 жылын қамауда өткізіп, ақталып шыққан шымкенттік дәрігер Абылай Донбай бүгін қызметіне қайта оралды. №1 қалалық клиникалық ауруханасына келген оны әріптестері қошеметпен қарсы алды.
Сөзін «ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді» деп бастаған бас дәрігер ақ халаттыларды адал болуға шақырды. Ал, ұжымдастары болса, басшының келгеніне дән-ризамыз дейді. Айта кетейік, Абылай Донбай үстінен қылмыстық іс қозғалғанға дейін Шымкенттегі дәл осы медициналық мекемеде бас дәрігері қызметін атқарып келген.
Алдымен әріптестерімен кездескен бас дәрігер кейін өз кабинетіне келді. Сөзінше жыл ішінде жұмыс бөлмесі де өзгерген. Оған қоса өзінің де өзгергенін жасырмайды. Темір тордың ешкімді аямайтынын айтқан ол бостандықтағы біраз жақсының қадірін түсінгенін жеткізді.
Абылай ДОНБАЙ, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері: «Көңіл күйім жақсы. Денсаулығым шүкір. Жақсы халдемін. Бұрын басқа құндылықтар болатын. Қазіргі жағдайда басқа құндылықтар. Танымайтын білмейтін адамдармен уақытымды кетіріп, уақытымды зая кетіріп, пайдасыз жағымсыз нәрселермен болатын. Қазіргі таңда бірінші құндылық ол жанұям, екінші әріптестерім, жақын достарым».
Еске сала кетейік, өткен жылы №1 қалалық клиникалық ауруханасына Абылай Донбай адам ағзасын заңсыз сатты деп айыпталған еді. Бір жылын уақытша тергеу абақтысында өткізген оны прокурор оны 14 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған екен. Бүгінде бәрі де артта қалды деген бас дәрігер алға жоспар да қойып үлгеріпті.
Ақталып шыққан трансплантолог 1 жыл уақытын қамауда жазықсыз өткізгені үшін мемлекеттен өтемақы талап етпейтінін айтты.
Назерке Үкібасова