Қазақстан оқушылары әріпті ақыры әліппемен танитын болды. Бұл туралы еліміздің білім саласының мамандары мәлімдеді. Сөздерінше, қазақ әлипбиінің негізін салған А. Байтұрсыновтың әдістемесінен асқан оқулық жоқ. Осылайша келесі жылдан бастап әліппе қайта қолданысқа енгізілмек.
Шолпан КАРИНОВА, ҚР Білім және ғылым вице-министрі :«Әліппенің» мазмұны А. Байтұрсыновтың әдістемесіне негізделген. Жұмыс тобындағы барлық мұғалімдердің, ғалымдар тарапынан толық қолдау тапты. Өйткені, бұл жүйе, оқушылардың оқу біліміне қатысты нағыз талаптарды қарай білетін, оның ішінде әріптердің, дыбыстардың реттілігі, оны қолдану жиілігі ескеріліп пайдаланылатыны көрсетілді. Қазіргі заманғы педагогиканың нақты талаптары ескеріліп, осы оқу бағдарламасының негізі жасалды».
Білім министрлігінің айтар жаңалықтары мұнымен бітпейді. Ұстаздар оқушылар кітапқұмарлығының кері кеткеніне де алаңдаулы. Осы үшін енді елімізде «Оқуға құштар» жобасы іске асырылмақ. Жоба аясында мектеп кітапханаларына көңіл бөлініп, ондағы кітапханашылардың жалақысы артпақ.
Айта кетейік, бүгінде ел мектептерінде 230 млн. оқулық бар. Оның 30 пайызы өткен ғасырдан қалған. 5 жыл ішінде осы олқылықты түзетеміз деген жауаптылар жыл сайын кітапхана қорын 20 пайызға арттырмақ. Олардың басым бөлігі отандық классиктер, шетелдік жазушылар мен заманауи қаламгерлер еңбегі болмақ.
Министрлік өкілдері көркем әдебиет түгілі білім ұяларында пәндік оқулықтың да жетіспей жатқанын мойындап отыр. Сөздерінше, алдағы 5 жылдықта бұл мәселе де түйінін тарқатпақ.
Назерке Үкібасова