Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 71-сессиясы қашықтықта өтті. Сессиясының қарауына ұсынылған бес мәселенің ең өзектісі алдағы 3 жылға арналған қала бюджетін нақтылау. Депутаттар назарына инфрақұрылымдарды жетілдіру бойынша Республика даңғылындағы жол құрылысына 50 млн. теңге, ал қаладағы кәріз жүйесін қамту бойынша 26 млн. теңге бөлу ұсынылды.

Сонымен қатар, Жаңа Тұрлан, Нұрсат шағынаудандарындағы көпқабатты 20 үйге инфрақұрылым жүйесін тартуға 367 млн. теңге, Жаңаталап ауылындағы ауыз су жүйесі құрылысын аяқтауға 720 млн. теңге қарастырылуда. Бұдан өзге ауқымды жұмыстарға қажетті қаражатты қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы тізіп шықты.

Рахымберді Мүлкеманов, Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Мұқтаж мүгедектерге көмек көрсететін 1244 кәсіп көмекшілердің айлық жалақысына және 1669 гигиеналық заттармен қамтуға 239 млн. 800 мың теңге. Көпқабатты 70 үйдің техникалық-зерттеу жұмыстарын жүргізуге 54 млн. 600 мың теңге әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылыстарына қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін 1 млрд. 467 млн, жолдардың күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 2 жобаны жалғастыруға 2020 млн. теңге бөлу  қарастырылған».

Бұл мәселе сессияның алдында өткен мәслихаттың біріктірілген тұрақты комиссия отырысында жан-жақты қаралып, депутаттар өз ұсыныстарын да берген болатын. Халық қалаулылары  өз кезегінде қалада білім саласы бойынша мемлекеттен бөлінген қаржы толық игерілмегенін алға тратты.
Хайрулла СӘРСЕНОВ, қалалық мәслихаттың бюджет және басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы: «Пандемияға қатысты бірқатар салада, айтар болсақ білім саласында ыстық тамаққа бөлінген қаржы игерілмеген. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында 1,5 млрд. бөлу жөнінде мәселе қайта-қайта қаралып, ол бойынша жауап алдық».

Сессияның жұмысына қатысқан қала әкімі  қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын білдіріп, бөлінген  қаржылардың әлеуметтік салаға, қаладағы жол, мектеп құрылысы және  халықты газ, ауыз су, электр энергиясымен қамтуға  жүмсалатынын атап өтті».

Кезектен тыс 71 сессияда шығыстар қайта қаралып, қала бюджетінің көлемі 454  млрд. 500 млн. теңгеден 455 млрд. 400 млн. теңгеге артты.

Шынар Оразова