«Оңтүстік Рабат» газетіміздің №41 санында (08.10.2020ж) «Ұл-қызым мені тыңдамайды. Не істеймін?» деген тақырыпта оқырман хатын жарияладық. Хатта бес балалы ана күйеуі қайтыс болғаннан кейін жасөспірім жастағы ұл-қызымен тіл табыса алмай жүргенін жазған. Бұған тұрмыс жағдайының төмен болуын себеп етеді. Құндақтаулы сәбиі бар болған соң жұмысқа да шыға алмайды. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы баспана жалдау ақысы мен азық-түліктен артылмайды. Жоқшылықтан шаршаған ананың жүйкесі әбден жұқарған. Айтуынша, мұны түсінетін бала-шаға да жоқ. Анасына тіл тигізіп, өмірлеріне разы емес екенін айтады екен. Сондықтан болса керек, балаларымен жиі-жиі ұрсысып қалатын оқырманымыз қай тұстан қателік жібергенін түсіну үшін психологтан кеңес сұрады. Кейіпкер хикаясын оқып шыққан отбасылық психолог Меруерт Темірханова мынадай кеңес берді. Психолог кеңесін қаз-қалпында жариялап отырмыз.
– Сәлеметсіз бе, Индира?!
Бүгінде жұмысбастылықпен жүретін ата-аналар өкінішке орай, «отбасын» екінші орынға ысырып тастады. Өзіне, денсаулығына, отбасына оның ішіндегі бала-шағаның тәрбиесіне көңіл бөлу, балалармен сөйлесіп, оларды тыңдауға, бірге қыдыруға уақыт тапшы. Сіз бен Біз байқамай отбасынан алыстап бара жатырмыз. Орны толмас алыстық емес, егер отбасындағы әр бір мүшесі өз үлестерін қосатын болса, алдағы уақытта ынтымақты, бақытты отбасын көре аламыз.
Бүгін Индира ханымның оқиғасын оқып, өз тәжірибемде кездескен жайттардан қысқа түсініктеме беруді жөн көрдім.
Жалпы отбасы дегеніміз — екі елдің тәрбиесі, тәртібі, рухани байлығы мен махаббатының бірлігінен құралады. Отбасы негізінен «мен», «жан жарым», «бала-шағам» деген түсініктен тұрады.
Жауапкершілікті екі адам бірдей алатын болса, отбасы ынтымақты болады. Бұл көрсетілген схеманы көрген адамдар «қалайша мен бірінші боламын, бірінші бала шағам немесе жан жарым болу керек» деп жатады. Осы орайда мен мысал келтіргім келіп отыр «ұшақта төтенше жағдай кезінде, оттегі маскасын бірінші анасы (әкесі) тағып, сосын баласына тағады, не себепті деп ойлайсыздар? Себебі, төтенше жағдай кезінде баланы көндіріп, оттегі маскасын тағамын дегенше уақыт жетпей қалады.
Бақытты әке мен ана (негізінде ана бақытты болса, бала да бақытты (мен әке мен ана деп жаздым)) болса балалар бақытты» деген сөз бар. Схема бойынша бірінші мен деп жазылу себебі, адам өзі бақытты бола алмаса, басқаны бақытты ете алмайды.
Жауапкершіліктің ішіндегі бала тәрбиесі тоқталып өтсем. Егер де жауапкершілікті (бала тәрбиесі) тек бір ғана адам (анасы немесе әкесі) алатын болса, екінші бір адамға оңай соқпайтыны анық. Себебі балалар әкесі мен анасының іс-әрекетіне, қарым-қатынастарына қарап өседі. Әкесі анасын (немесе анасы әкесін) сыйламаған үйде балалары да сыйламайды. Отбасында, әке мен ананың бала үшін орындары маңызды.
Ата-әжесінің қасында өскен бала мен әке-анасының жанында өскен балада үлкен айырмашылық болады. Бұл айырмашылық бірден біліне бермейді, ол бала өз отбасына әке-анасымен, бауырларымен бірге тұра бастағанда білінеді. Себебі әкесі мен анасы, бауырлары жатырқап тұрғандай сезімде, өзін отбасы мүшесі ретінде қабылдай алмай күйзеліске ұшырауы да мүмкін.
Менің тәжірибемде кездескен осындай сезімдегі адамдардың сөзінен алып жазып отырмын. Олар ересек болып қалса да осы сезімнің әлі де бар екенін айтып, сезімдерін реттеу үшін психологиялық кеңеске жүгінеді.
Менің мақаламды оқып, бұл ата-бабамыздан келе жатқан, «тұңғышы ата-әжесінің баласы» деуші еді деп айтулары да мүмкін. Дегенімен балалар бұл жағдайды біз, ересектер ойлағандай қабылдамайды. Бұл ойымызды сатқындық, шеттеу, жазалау, «мені жақсы көрмейді» деп қабылдайтын балаларда кездесіп жатады.
Индира ханым өмірлік жан-жарыңыз, тірегіңізден айырылу, орны толмастай күй мен сағыныш сезімін сезіну – қайғылы және ауыр.
Бірақ Индира ханым Сіз жалғыз емессіз, жаныңызда бала-шағаңыз бар. Иә, балаларыңызбен де түсінісу оңайға соқпайды. Дегенмен оқиғаңызды оқып отырып Сіздегі алға қарай талпынуды байқадым. Осы талпынысыңызды жалғастырыңыз. Сонда көп ұзамай жемісін көресіз.
Сізге тек ұсыныстар айтқым келеді.
Бірінші кезекте өзіңізді, өз құндылығыңызды бағалауды үйреніңіз (өз құндылықтарыңызды, қабілеттеріңізді, жетістіктеріңізді (кішкентай жетістік болса да) параққа тізіп, соған қарай аффермация жазу немесе сезіну);
Екіншіден, денсаулығыңызға, дене бітіміңізбен, ішкі жан дүниеңізге және психологиялық саулығыңызға көңіл бөлу (денсаулық );
Үшіншіден, өз қызығушылығыңызды қарап, байқап көріңіз;
Төртіншіден, әр балаңызбен жеке сырласыңыз (балаларыңыздың уайымдары мен қорқыныштарын түсінуіңізге септігі мол). Эмоционалды әңгімелесу (мен сенің анаңмын немесе мен сенен үлкенмін позициясымен емес, мен сені түсінемін, түсінгім келеді (досы) позициясымен);
Бесіншіден, балаларыңызға қандай сөз берсеңіз де соны орындауға тырысыңыз (ол мақтау немесе жазалау болса да. Мыс: сен бүгін маған көмектескенің үшін, біз саябаққа барамыз, немесе осы затты бүлдіргенің үшін мен телефон ұстау уақытын 1 сағатқа қысқартамын);
Алтыншыдан, балаларыңызға жақсы көретініңізді жиі айтып, құшақтаңыз, олардың осындай қиын кезеңде қолдауларын, жәрдемдерін Сіз үшін қажет екенін және Сізде оларды қолдайтыныңызды білдіртіңіз;
Жетіншіден, әр аптаның бір күнінде қорытындылау, ойын сияқты отбасыңызбен жиналыс жасау;
Сегізіншіден, қазіргі кезең өтпелі екенін және әр бір жаңбырдан соң кемпірқосақ шығатыны жайында сеніміңіз болсын.
Егер осы ұсыныстардан соң өзгерістер байқалмаса, психологқа жүгінуге кеңес беремін. Қазіргі таңда аймаққа қарасты емханаларда психолог мамандары отырады.
Өмірдегі әрбір қиындық, адамды шыңдай түседі, ал қуаныш бақытты етеді. Қазіргі қиындық кезеңін, қиындық емес, шыңдалу мен өсу деп қабылдап, кішкентай қуаныш болса да байқай, бағалай біліңіз.
Жазып алған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №44, 29 қазан 2020 ж