«Дәрігер — заңгер емес» — Абылай ДОНБАЙ

217

Білікті трансплантолог-дәрігер Абылай Донбай толықтай ақталып, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне қайта оралды. Өткен жылдың қараша айында тұтқындалып, қамауға алынған дәрігерге сол кезде үш айып тағылған еді. Тергеу ісі мен сот отырыстары бір жылға созылды. «Трансұлттық қылмыстық топқа қатысу», «Адам ағзалары мен тіндерін заңсыз алу», «Жалған құжаттар жасау» баптары бойынша жауапқа тартылған Абылай Домнай биылғы қарашаның басында толықтай ақталып, кінәсіз деп танылды. Тағылған айыптардың барлығының күші жойылды. Аса білікті трансплантолог дәрігер Абылай Донбайды Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне қайта кірісуімен құттықтай отырып, сұхбаттастық.

– Абылай мырза, алғашқы сұрағымызды оқырманға түсінікті болуы үшін соңғы бір жылдағы оқиғалардан бастайық. Сізді былтыр, яғни 2019 жылдың 18 қарашасында тұтқындады. Не болды?

– Мен №1 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің хирургия саласы бойынша орынбасары болдым. Бас дәрігеріміз — бәріне белгілі дәрігер Мәди Ходжаұлы Бегалиев еді. 2018 жылы бізге шетелден бүйрек трансплантациясына науқастар өз донорларымен бірге келіп, бізде ота жасатқан. Ота жасамас бұрын Қазақстанның Денсаулық кодексіне байланысты олар нотариустан донордың «ағза мүшемді осындай кісіге беріп жатырмын» деген келісімін алып, біздің қалалық клиникалық ауруханадағы этикалық комиссияның да келісімін алады. Аурухана мен реципиент арасындағы келісімшарт негізінде жасалған оталар болатын. Сосын заң органдарының «донорлар реципиенттерге өз бүйректерін сатты» деген күдігі болды. Айта кетейін, дәрігер – заңгер емес. Оның мақсаты – алдына келіп тұрған адамға медициналық көмек көрсету. Сондықтан заңгерлік жағынан нотариустағы жоғары білімі бар заңгерлер және аурухананың заңгері жаңағы этикалық комиссияның құрамында болған. Солар және өзіміздің жергілікті прокуратура да тексеріс жасады. Олар «ешқандай заңға қайшы іс-әрекет болған жоқ» деп шешім шығарған. Істің соңында қорытындысын көрдіңіздер. Күдіктің бәрі шешілді. Әрине, алдымен халықтың тілеуі. Анам қатты уайымдады, әйеліме, бала-шағама да қиын болды. Шүкір, соңы жақсы аяқталғанына өте қуанам.

– Биыл 2-қарашада Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық мамандандырылған соты сізді ақтап, кінәсіз деп таныды. Толықтай ақтады ма? Соттың мұндай шешім шығаруына не себеп болды?

– Мен заңгер емеспін ғой. Мен дәрігермін. Бірақ осы бір жылдың ішінде көптеген ақпаратты оқып білдім. Қылмыстық кодекстің 264-баптың 3-тармағы бойынша Халықаралық ұйымдастырылған қылмыстық топқа қатысы бар деген күдік болды. Дәрігердің ешқашан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы болмайды. Біріншіден олардың ішінде иерархия болады. Бір-біріне бағынады. Екіншіден тек қана Қазақстан Республикасы аумағында ғана емес, басқа мемлекеттерде де қылмыс жасау керек ол адам. Ал дәрігер сондай топқа кіре алмайды. Осы жағдайға ешқандай негіз, дәлел таппады. Сол себепті де бұл бап бойынша толығымен ақталдым. Екінші күдік — Қылмыстық кодекстің 116-бабының 3-тармағы болатын. Бұл – ағза мүшелерін заңсыз алу. Мұндай іс қандай жерде заңсыз жасалады? Мен отаны үйімде немесе бір жертөледе жасамадым. Күндіз, мемлекеттік мекемеде жасалды. Ота жасамас бұрын нотариустан донордың келісімі бар. Бұл бойынша этикалық комиссия құрылған. Ол комиссия құжаттардың барлығын тексеріп, дәрігерлердің консилиумы өтіп, содан кейін барып біз операцияға аламыз. Ал донор мен реципиенттің арасында не болғанын анықтайтын заңгер емеспіз. Оны білмейміз, ол фактіні көрген жоқпыз. Оған біздің қатысымыз жоқ. Міне осындай дәлелдерге сүйене отырып, сот мені толық ақтап шығарды. Үшінші Қылмыстық кодекстің 385-бабы – жалған құжаттар жасау, яғни «жалған құжаттарды жасады» деген күдік болды. Біз ешқандай жалған құжат көрмедік. Үшінші күдік бойынша да толығымен ақталып шықтым.

– Осы трансплантацияға қатысты сот істерінде марқұм Мәди Бегалиев кінәлі болды деген ақпарат рас па?

– Марқұм Мәди Ходжаұлының жатқан жері жайлы болсын. Ол кісі – біздің ұстазымыз. Оңтүстік өңірінде хирургия, трансплантацияның негізін қалаушы. Ол – өте ұлы тұлға. Барлық хирург ол кісіні сыйлаймыз. Күдіктілердің ішінде о, кісінің аты жазылды, бірақ ешкім кінәлі деп таныған жоқ. Ол кісі – «Алтын скальпель» иегері, облысымызға еңбегі сіңген мықты дәрігер.

– Трансплантация отасына қашан қайта кіресіз?

– Біз транспатанция отасын әрі қарай дамытамыз. Бұл – №1 қалалық клиникалық аурухананың маңызды қызмет бөлігі. Біз бауыр мен бүйрек алмастыру отасын тағы дамыта түсеміз. Сол үшін жұмыс істейміз. Дәл қазір мұндай отаға мұқтаж науқас болса, мен дайынмын. Ал жоспарлы түрде «келесі жылдың қаңтар айынан бастаймыз» деп отырмыз.

– Медицинадағы кәсіби қызмет жолыңызға қарасақ, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын «Емдеу ісі» бойынша оқып, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, тіпті Мәскеу қалаларындағы ауруханаларда дәрігер-хирург болып қызмет еткеніңізді көреміз. Оңтүстік Кореядағы Сеул Ұлттық университетінің госпиталінде тағылымдамадан өттіңіз.

– Мен сотта да айттым. Уақыт өткен сайын жаңа ауру түрлері шығады. Сол жаңа ауруға жаңа ем болу керек. Дәрігер жаңа емді білу үшін үздіксіз біліктілігін арттырады. Біліктілігін арттыру үшін үнемі ізденісте болуы шарт. Мен жақсы маман болу мақсатында Мәскеу қаласына, Оңтүстік Кореяға барып оқыдым. Неліктен? Халыққа көмегіміз тиіп, оларға жәрдемдесу үшін білім жетілдіреміз. Мен ғана емес, барлық дәрігерлердің мақсаты осы.

– Былтыр сіз тұтқындалғанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 52 трансплантолог дәрігер бар екенін, әрбір дәрігер белгілі бір ағза мүшесін алмастыруға маманданғанын айтты. Сіз бауыр алмастыру отасын жасайсыз. Бауыр алмастырудың басқа ағза мүшелерін алмастырумен салыстырғанда қиындығы қандай?

– Бауыр трансплантациясы ағза мүшелерін алмастыру оталарының ішінде ең күрделісі саналады. Біріншіден, бауыр – күрделі қан тамырларынан құралған орган. Екіншіден, әрбір тірі донордың қауіпсіздігі бірінші орында. Үшіншіден, бауыр алмастыру отасына бір емес, бірнеше дәрігер қатысады. Отаға кіретін барлық дәрігерлерді есептегенде 17-18 дәрігер болады. Бұл тек операцияға қатысатын дәрігерлер. Отаға дайындау кезінде көптеген медициналық тексерістен өтеді. Бір адам бауырының жартысын алып, науқас адамға салу өте күрделі операцияға жатады.

– Адам қайтыс болған соң оның ағза мүшелерін өз рұқсатынсыз немесе туыстарының рұқсатынсыз алуға бола ма?

– Трансплантацияның екі түрі бар. Біріншісі, тірі адамнан қос мүшесінің бірін алу, бауырының жартысын алу. Екіншісі, қайтыс болған науқастың ағза мүшелерін алу. Осындай екі түрі бар. Енді қайтыс болған адамның ағза мүшелері қандай жағдайда алынады дегенге жауап берейін. Заң жағынан айтатын болсам, қазір кез келген Қазақстан республикасының азаматы тірі кезінде Egov.kz электронды үкіметіне өтініш жазуына болады. Өтініште трансплантацияға келісім бересіз немесе бас тартасыз. Адамның бас миы қызметі тоқтап, ағзаларын алу кезінде міндетті түрде ең жақын ағайын-туыстарынан рұқсат алынады. Егер рұқсат берілмеген жағдайда трансплантация жасалмайды.

– Бүгінге дейін ағза алмастыру бойынша қанша ота жасадыңыз?

– №1 қалалық клиникалық ауруханада бауыр трансплантациясы бойынша 20 ота жасадық. Ал бүйрек бойынша жасаған отамыздың саны 150-ге жетті. Енді жалпы өз тәжірибемде бауыр алмастыру отасының саны 50-ден асты.

– Қалай ойлайсыз, осы трансплантацияға қатысты соңғы бір жылда болған сот істері Қазақстан, соның ішінде Шымкенттегі трансплантациялық ота саласына қандай әсерін тигізеді?

– Бұл жағдай жалпы дәрігерлердің имиджіне нұқсан келтірді. Қазір дәрігерлер ағза алмастыру немесе күрделі бір ота жасаудан бұрын әрине сескенеді. Өйткені дәрігерлердің бәрі заңгер емес. «Енді солай болды екен» деп тоқтап қалмайтынымыз анық. Қолымыздан келгенше ары қарай дамытып, жұмыс істеуге дайынбыз.

– Бізге шетелден азаматтар келіп, трансплантациялық ота жасата ма?

– Егер заңды түрде донор келісімі жасалып, екі адамның арасында генетикалық сәйкестік келетін болса, Қазақстан Республикасының кодексіне сүйене отырып, ота жасаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңыздан сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан: Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж