«Интернет болса, қиналмас едік». Ауылдағы студенттер әңгімесі

64

Коронавирус пандемиясы студенттердің өмір дағдысын өзгертіп, қашықтан оқуға мәжбүр етті. Қазір еліміздегі студенттердің барлығы дерлік қашықтан оқып жатыр. Қашықтан оқу – интернет байланысына тәуелді десек, ауылда, тіпті кейбір аудан орталықтарында тұратын жастардың онлайн білім алуы қиынға айналды. Себеп біреу – интернет байланысы нашар, тіпті жоқтың қасы. Бұл жағдай студенттерден бөлек, мектеп оқушысы, мұғалімдерге де қатысты проблема. Әйтсе де болашақ мамандығына қажет кәсіби білім алуы қиындаған студенттермен әңгімелесіп, оқу жағдайын білдік.

Біз сөйлескен студенттердің бәрі Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды. Бір топта 26 студент бар. Барлығы да биыл 1-курсқа түскен. Олардың «мектептен кейін университетке барып, жаңа ортада жаңа адамдармен танысып, нағыз студенттік өмірдің қызығын көремін» деген арман-тілегін коронавирус пандемиясы кейінге шегеріп тастады. Олар қазір не үйінде, не жатақханада жатып, білім алады.

Бір топтағы 26 студенттің 15-і ауылда, шалғай елдімекендерде тұрады. Олардың жетеуі интернетке әупірімдеп қосылады, өйткені тұратын жерінде интернет жылдамдығы өте төмен, мобайл байланыс нашар, тіпті кейде мүлдем желі жоғалып кетеді екен.
Барлығы да жаңаны үйреніп, білім алуға құштар, алайда сабаққа қатысуына мүмкіндік туа бермейді.
Таңнан кешке дейін оқу платформасына үңіліп, жанталасса да, интернет байланысы болмауы, не жиі-жиі үзілуінен сабаққа қатыса алмайды.
Осылайша, интернет байланысының нашар болуы-нан сабаққа қатысуы мұңға айналған студенттердің әңгімесін тыңдадық.

Гүлназ:
– Мақтаарал ауданындағы Мырзакент кентінен 6 шақырым қашықтағы Алаш ауылында тұрамын. Ауылымызда 2000-ға жуық тұрғын болса да интернет байланысы әлі шешілмеген. Үйде отырып, онлайн сабақ оқуға мүмкіндік жоқ. Байланыс өте нашар. Мен сияқты «студент болдым» деп қуанған жандардың көңілі су сепкендей басылды. Ауылымызда онлайн оқу қиын. Университет студенті болсам да, әлі мектепке барып оқимын. Бүкіл ауылда тек мектеп аумағында ғана байланыс бар. Таңертең ерте барып, ұялы телефонымды қосып, сабақтың басталуын күтіп отырамын. Мейлі, бұған да шыдадым. Жоғарғы оқу орнына түссем де алтын ұямда дәрісімді жалғастырып жүрмін. Алайда, мектепте де жарық жиі сөнеді. Жарық болмаса, тағы да сабаққа қатыса алмаймын, өйткені байланыс бірден төмендейді. Сәл жел тұрса не жаңбыр жауып, күн райы құбылса, жарық өшіп, сабақтан қаламын. Мектепке барып, оқып жүріп, суық тигізіп алдым. Мектепте балалар болмаған соң, іші суық.

Айтгүл:
–Түлкібас ауданының Жыланды ауылының тұрғынымын. Ауылымызда бес жүздей адам тұрады. Қазір XXI ғасыр ғой, бірақ ауылда интернет байланысы мүлдем жоқ. Қыркүйек басында 2 апта сабаққа қатыса алмадым. Ұстаздарымнан ескерту алдым. Сабаққа қатыса алмауымның себебі біреу – ауылымызда мобайл байланыс желісінің күші тек «EDGE» көрсетеді. Ал ZOOM платформасына кіру үшін интернет жылдамдығы жақсы болуы керек. Содан интернет жоқ, онлайн оқуға мүмкін болмаған соң, Шымкентке келіп, университет жатақханасына орналастым. Мына коронавирус кезеңінде студенттер үйінде, ата-анасының жанында болып, сабақ оқып жатқанына қызыға қараймын. Карантин кезінде жақындарымның жанында болғым келеді. Ауылымда интернет байланысы жақсы болса, бұлай қиналмас едім.

Айтгүлдің айтуынша, жатақханада 50-ге жуық студент бар. Оның тобынан 4 студент те осы жатақханада тұрады, өйткені олардың да ауылында интернет нашар.
Студенттерді әр бөлмеге екі-екі адамнан бөліп орналастырыпты. Алайда тамақтанғанда бәрі бір жерге жиналады екен. Мұндайда сақтық шараларын сақтау қиын-ақ.

Аяжан:
–Шардара ауданының орталығы Шардара қаласында тұрамын. 78 мыңға жуық тұрғыны бар. Алайда аудан орталығы бола тұра интернет байланысы нашар. Күн райы құбылып, жел соқса, жаңбыр жауса, сол күні сабаққа қосыла алмаймын. Жарық өшеді, мобайл желі байланысы мүлдем жоғалады. Университеттегілер: «Интернет болмаса, жатақханаға келіңдер» деп айтады. Бірақ ата-анам мына індет өршіп тұрған қиын кезеңде мені адам көп жүретін жерге жіберуге қорқады. Мені қынжылтатыны – «қалада тұрамыз» деген аты ғана, ал шын мәнінде жасалған жағдай кейбір ауылдардан төмен.

Ерлан:
–Жетісай қаласынан 25 шақырым қашықтағы Сарқырама ауылында тұрамын. Сабаққа қатысуым үшін тау-тасқа шығып, биікке көтеріліп, ұялы байланыс желісін іздеймін. Аудиторияда емес, үйде емес, тауға шығып, сабақ оқимын» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Биыл оқуға түскенімізде «сабақ онлайн болады» деп айтты. «Мейлі, бас аман болсын» деп бұған да көндік. Алайда онлайн оқу үшін интернет байланысын түзеу қажет. Ал ауылда бұл жағы мәз емес. Мен сабаққа қатысу үшін ауылдың биік жеріне барамын. Ол жерде де интернет жақсы қосылмайды. Кітап-дәптерімді алып, жоғары шығу да қиын. Бұған күн суытып, қар түскенін қосыңыз. Тіпті бірде тау басынан құлауға шақ қалдым. Бір рет аяқ-қолымды жарақаттап алдым. «Дамыған елге айналамыз» деп кеуде қаққанда бәрі жақсы, бірақ дала кезіп, тауға шығып, сабақ оқып жүрген студенттерді ешкім ойламайтын сияқты.

Иә, төрт студенттің де қашықтан оқуына ортақ бір мәселе: ол – интернет байланысының әлсіздігі не мүлдем болмауы.
«Жастар еліміз болашағы» деп айтамыз. Алайда,сол жастардың дамуына жағдай жасалып жатыр ма?
Иә,қалада мүмкіндік көп, бірақ ауылдағы жастарға кім назар аударады?
Қарапайым игіліктер, яғни бәрінде болуы тиіс инфрақұрылым ауылға да жетуі керек.
Біз әңгімелескен төрт студент те Шымкенттегі университетте оқиды. Бір жоғары оқу орнының бір оқу тобындағы жағдай.
Демек, бір топтағы 26 студенттің кемі жетеуі онлайн оқуда қиындыққа тап болып, сабаққа дұрыс қатыса алмаған. Бұдан келіп білім сапасы да төмендейтіні анық.
Тап мұндай жағдай бір топқа ғана емес, еліміздің барлық жеріне тән.
Әр топтағы студенттердің кемі 30%-ы интернет байланысының нашарлығынан сабаққа дұрыс қатыса алмайды.
Айта кетсек, ҚР премьер-министрі Асқар Мамин 30 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында :
«Осы жылдың қорытындысы бойынша 5,2 мыңнан аса ауыл — еліміздегі ауыл халқының 99%-ы үшін кең жолақты интернет қолжетімді болады. Интернетке кең жолақты қолжетімділікті дамыту мәселелері еліміздің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Ауылдарды кең жолақты интернетке қосу жөніндегі биылғы жылға арналған барлық жоспарлар мерзімінде іске асырылады», — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Ал 12 қарашада ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин белгілі бір ауылды елдімекендер мен аумақтарда интернеттің әлсіз екенін мойындап, «Жыл соңына дейін 4 137 ауыл интернетпен қамтылады» деп хабарлады (екі цитата inform.kz сайтынан алынды).

Жыл аяқталуына 1,5 ай қалды. Жыл соңына дейін бұл ауылдарға интернет жете ме, жоқ па? Мұны аз күннен кейін білеміз.

Мөлдір Ибадуллаева

«Оңтүстік Рабат», №47, 19 қараша 2020 ж