Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде. Жуырда Түркістан облысы көлемінде өткізілген жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасын табуда. Атқарылған жұмыстар да нәтижесіз емес.
Созақ ауданында жалғасқан шараға аудандық полиция бөлімінің 25 қызметкері жұмылдырылған. Тәртіп сақшыларының табанды еңбектерінің арқасында 3 тәулік ішінде барлығы 210 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 2 азамат спирттік ішімдік ішіп, автокөлік басқарған. Тәртіп сақшылары оларды полиция бөліміне жеткізді.
Өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндірерлік қадамға баратындардың қатары азаймай отырғаны өкінішті.
Медициналық сараптама тағайындап, қорытындысына сай азаматтардың «Орташа» дәрежелі мас күйлері айшықталды. Осы ер азаматтарға байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Мас күйде автокөлік басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 1 тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» бойынша көлік тізгіндеген. Сондай-ақ осындай себеппен 9 автокөлік автотұраққа қойылған.