Карантинге жабылып, үш қалаға әуе қатынасы қысқартылады

44

Павлодар облысында эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты карантиндік шектеулер күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сәйкес, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгін жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды.

Жұмыс сапары барысында медициналық объектілердің коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындығы тексерілді. Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өткізді. Е.Тоғжанов ауылдық жерлерде ПТР лабораторияларының жоқтығын ескере отырып, бұл қызмет түрінің облыс тұрғындарына қолжетімділігін тез арада шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, қазан айында облыста СOVID-19 фактілері үш есеге өскенін атап көрсетіп, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Ведомствоаралық комиссияның төрағасы биылғы 9 қарашадан бастап Павлодар облысында бірқатар шектеу шараларын қабылдауды тапсырды:

— Павлодар қаласының периметрі бойынша блокпосттар орнатуды; — күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блокпосттар орнатуды; — келесі бағыттар бойынша әуе қатынасын қысқартуды: Павлодар-Алматы аптасына 10-нан 5 рейске дейін; Павлодар-Нұр-Сұлтан 3 рейстен 1 рейске дейін; Павлодар-Шымкент аптасына 2-ден 1 рейске дейін; — Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды;

— жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда) тыйым салуды; — діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды; — қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын сағат 20.00-ге дейін шектеуді; — офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды; — қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді; — 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды; Демалыс және мереке күндері: — қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысын тоқтата тұруды; — жабық және ашық азық-түліктік емес және азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұруды;

— моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұруды; — қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіруді тапсырды.

«Сондай-ақ, өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингтік топтардың қызметін күшейту, тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында», — делінген ақпаратта.