Карантин басталғалы Шымкентте көз жанарына шағымданатындар көбейген. Осылай деген офтальмолог дәрігерлер қазір күніне шамамен 30 тұрғын көзін тексертіп кететінін айтады.
Көруі әлсірегендердің көбі ұстаздар мен оқушылар. Мұны гаджетпен сабақ оқытып жүрген мұғалімдердің өздері де растап отыр.
Шымкентте карантин кезінде көз жанарына шағымданатындар көбейген. Солардың бірі — мектеп мұғалімі Айнұр Кемел. Сөзінше бұған дейін оның екі көзінің де көру қабілеті -1 болған. Енді міне, сабақты смартфонмен өткізем деп одан әрі асқынғанын айтады. Айнұрдың айтуынша, күн ұзаққа дейін гаджет алдында отырам деп мұғалімдер ғана емес, оқушылар да көзілдірік тағуға көшкен.
Айнұр Кемел, мектеп мұғалімі: «Ата-аналар бізбен сөйлескенде балаларының көздері талып кеткенін айтады. Тапсырмаларды кейін жіберсек бола ма деп өтініш жасайды. Студент болып жүргенімде көзім -1 еді. Ол кезде білінбейтін. Қазір қайта тексеріп, -1,5, -2,5 деп жатыр».
Ал, дәрігерлер болса, күн бойына гаджет алдында отырудың көз жанарына зияны көп дейді. Смартфон әсіресе телефонға үздіксіз телміретін балалардың жауына айналған. Кесірінен мультфильм мен видео көруден жалықпайтын кішкентайлар көзі қазір алысты көрмейтін болыпты. Осылай деген ақ халаттылар ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керек дейді.
Мейіржан СМАНҚҰЛ, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері: «Карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін науқастар саны күрт ұлғайды. Бұған негізгі себеп дистанциялық оқу, жұмыс барысында көп адамдар смартфон, гаджет, компьютер, ноутбукпен жұмыс істеп жүр. Осы құрылғылардың ультрафиалет сәулелері көздің көру орталықтарына зиян тигізеді».
Дәрігерлердің бұл сөзін көзілдірік сататын дүкен иелері де растап отыр. Сөздерінше, қазір көзілдірік алуға келетіндер көбейген. Бірі аурудың алдын алу үшін қорғаныш әйнек алса, енді бірі ауруы дендеп кеткендіктен алысты көретін көзәйнек іздеп келеді. Олардың арасында смартфонмен сабақ оқитын жасөспірімдер де көп дейді сатушылар.
«Карантин басталғалы көру қабілетін жақсартатын көзілдірік іздеп келетіндер көбейді. Олардың дені мектеп оқушылары. Менің де балаларым мектепте оқиды. Смартфон емес, компьютермен сабақ оқығанның өзінде көздері талып кетеді. Сондықтан тезірек мектепке барып, дұрыс сабақ оқыса екен дейміз», дейді сатушылардың бірі.
Осылайша енгізілген карантин елді көзілдірік тағуға да бейімдей бастады. Айта кетейік, қалада орналасқан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына бүгінде көзінің көру қабілетін тексерту үшін күніне шамамен 30 тұрғын келеді екен.
Назерке Үкібасова