«Күйеуім қиялға беріліп, жұмыссыз жатады»

174

Хикаясын баяндап, жан сырын жария еткен кейіпкеріміз күйеуі бос қиялға беріліп жүретінін айтады. Әкелік міндетін де, отбасын асырауды да тек қиялында жүзеге асырады.

Тұрмысқа шыққаныма 7 жыл болды. Қазір бір баламыз бар. Тұрмысы нашар көпбалалы отбасында өстім. Отбасында 4 қыз, бір ұл болдық. Жағдайымыз нашар болса да, әке-шешеміз бізді оқытты.
Ақылы оқытуға қиналатынын біліп, бәріміз де грантқа оқуға түсуге тырыстық. Бағымызға орай деймін бе, бәріміздің жолымыз болды. Оқуға түстік. 2 әпкем мен сіңлім тұрмысқа ерте шықты. Мен оқуымды аяқтап, сосын тұрмыс құрдым. Жігітіммен бір жылдай уақыт араласып жүріп, шаңырақ көтердік. Ол – бір үйдің жалғыз ұлы еді. Екі қарындасы бар.
Анасы әкелерінен ұзақ уақыт бұрын ажырасып кеткен. Ажырасуының себебін де тұрмысқа шыққан соң естідім.
Күйеуімнің тым қияли адам екенін, ойында құрған қиялға сеніп, сонымен өмір сүріп жүретінін кейін білдім.
Біздің басты мәселеміз – күйеуімнің кішігірім жұмысты менсінбей, тез арада көп ақша табатын жұмыс іздейтіні. Жанын қинамай ақша тапқысы келетін. Анасы көп еңбектеніп, басымызда баспанамыз да болды. Алайда енем баласының болашағы үшін қатты уайымдайтын. Саусаған қимылдатқысы келмейтінін көріп, жүрегі ауыратын. Енемнің арқасында керек-жарағымыздан еш тапшылық көрмедік. Бізді асырайтын адам болған соң, күйеуім де алаңсыз. Алайда оның бұл қылығы мені де алаңдата бастады. Енем де, нағашы ағалары да оны көптеген қызметке орналастырды. Алайда ұзаса 2-3 ай жұмыс ісейді де кейін бір амалын тауып ол жұмыстан шығып кететін.
«Балалар өсіп келе жатыр. Жұмыс істеуің керек, қашанға дейін анаңның қолына қарайсың?» деп қанша айтсам, «Бәріңнің өміріңе жететін ақшаны аз ғана уақытта табамын. Біреудің қол астында құл болғым келмейді. Мен жақсы істейтін басымды дұрыс қолдануым керек» деп айтады. Иә, ол шынымен көзі ашық, көкірегі ояу адам. Бірақ мына өмірге ешқашан көңілі толмайтын. Ақыл айтсаң, өз алдына басқа нәрсені айтып кетеді. Соңында сөзің ауаға кетіп жатқанын көріп қасынан ренжіп тұрып кетуге мәжбүрмін…
Бір күні енем маған баласын дұрыс жолға сауым үшін жұмыс істеуім керек екенін айтты.
Күйеуімнің өміріне әкесінің әрекеті әсер еткен. Енемнің айтуынша, әкесі ішімдікке бейім адам болыпты. Іше беретіні соншалық, бір күн ауызы құрғамаған. Бір күні енем, яғни әйелі жұмысқа кеткен сәтте үйді өртеп жіберіпті. Өрт күшеймей тұрғанда әйелі келіп, балаларды іштен шығарып алған.
Ол кезде күйеуім ес біліп қалған, ал екі қарындасы кішкентай екен. Анасы баласына сол сәттің қатты әсер еткеніне сенімді. Өз алдына лағып сөйлеуі, ештеңені мойындамайтыны, тек қана өз іс-әрекетін дұрыс деп ойлауына да сол жағдай әсер еткен, деп ойлайды.
«Сол жағдайдан кейін психологқа алып бармадыңыз ба?» дегенімде ол кезде мұны ойламағанын айтты.
Балаларын асырау үшін тынбай жұмыс істеп, күйеуімен ажырасып жүріп, сол жағдайға мүлдем мән бермегенін жеткізді. Айтуынша балаларының әкесі де түсініксіз қылықтары көп адам болыпты.
«Мүмкін қанмен берілетін мінез шығар?» деп те ойлайды.
Осы оқиғаны естіген соң, күйеуімді психологқа апаруды көздедім. «Әлі де кеш емес» деп ойладым. Бірақ күшім жетпеді.
Оған «психологқа баршы» десем «мен жынды емеспін» деп айқайлайды. Мен де қинамадым.
Бір күні ойлана келе енеме бізді Астанаға жіберуін өтініпті. Ол Астанадан жақсы жұмыс тапқанын айтты. Өзі сонда барып жұмыс істеп, бізге ақша жіберіп тұратынын түсіндірді. Бірақ мен де еріп кеткім келді. «Балаң екеуімізді ала кет» дедім. Енем де бізді барғанымызды қалады. «Бөлек кетсек, мүмкін, отбасы алдындағы жауапкершілікті түсінер» деген үмітім болды. Сонымен Астанаға бардық. Бірақ арманым аяққа тапталды, үмітім желге ұшты. Ол бас қалаға барған соң да 6 ай ішінде 3 жұмыс орнын алмастырды.
Жағдайы нашар жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрдық. Арзан еді. Қыста қатты тоңдық. Біздің жағдайымызды білуге келген енем, бізді өзімен бірге алып қайтуды жөн көрді де заттарымызды жинап ертіп кетті. Күйеуім Астанада қалды. Бірақ ол да көп шыдаған жоқ. Екі айдан кейін қайтты. Мен оны дұрыс жолға сала алмайтынымды, өзгерте алмайтынымды түсіндім де өзім жұмыс істеуге көштім.
Бірінші баламнан кейін қайта құрсақ көтеруді ойламадым. Сонымен баламды балабақшаға беріп, жұмысқа орналастым. Көп адам неге ажырасып кетпейтінімді сұрайды. Ол қиял адам болса да маған ешқашан қол көтермеді. Баласын қатты жақсы көреді. Енемнің және екі қайын сіңлімнің де біз дегенде шығар жаны басқа?!
Мен баламен үйіме қайтып барсам да ата-анама жүк боламын. Сондықтан, отбасын асырау маған түсіп, енем қолдау көрсетіп тұрғанда қаржы табудың көзін үйреніп алуым керек екенін түсіндім.
Күйеуім содан кейін бір таныстарының айтқанына сеніп, «көп ақша табамын» деп, Мәскеуге де, Кореяға да барып келді. Ол жақтан да енем ақшасын жіберіп жүріп, далада қалған кездерінде әрең алдыртты.
Содан кейін бір компьютердің алдында отырады. Бір көңіл жұбатары – балаға қарайды. Әлі де болсын, қиялданып «Сендер осынша уақытта қиналып тапқан ақшаны мен бір сәтте таба саламын» деп лағып отырады. Оның мұндай сөздеріне де, қылықтарына да етіміз үйреніп кеткен сияқты. Қазір ашуымыз келмейді де.
Енем өзі бізді асырай алатын кезінде екінші рет сәби көтеріп, балалы болып алғанымды қалайды. Бірақ мен күйеуіммен бір үйде тұрғым келмейді. Бір баланы аман-есен жеткізсем, соған разымын. Жаратқан сол бір түйіріме ғұмыр берсін.
Ал күйеуіме ақыл кіріп, дұрыс адам болатынына сенбеймін. Енем бізді бөлек шығарып та, бізге ешқандай ақша бермей де көрді. Алайда оған әсер етпеді. Шешесі қандай жағдайда да далада қалдырмайтынына сенімді. Енді шешесі өлсе, мен бармын. Еркек басымен маған арқа сүйеп алған. Кейде қатты ашуым келіп, еңіреп жылаймын. Бұл жағдайға қалай төзіп жүргеніме таңым бар. Мен кішкентайымнан жоқшылықта өсіп, қиындық көріп, өз басымды өзіміз алып жүргенім, қиыншылыққа төзіп үйренгенім болар бұл жағдайға да шыдап келемін.
Жоғарыда айтқанымдай, етім де үйреніп қалды. Бірақ қашанға дейін жалғасатын білмеймін. Шыдамның да шегі бар.

Жазып алған — Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж