Газетіміздің №46 санындағы (12.11.2020) «Тағдыр» айдарында «Күйеуім қиялға беріліп, жұмыссыз жатады» деген тақырыппен оқырман хикаясын жарияладық. Мақала қиял жетегіне еріп, ешбір жұмысқа тұрақтамай, үйінде жататын күйеуін жөнге сала алмай жүрген әйел тағдырын баяндадық. «Психолог бұрышы» айдары арқылы психолог кеңесіне жүгінгісі келген кейіпкерімізге «REFRAME» тұлғалық дамыту орталығының психологы, отбасылық кеңесші Гүлмира Тастемірқызы Бейсенова жауап берді.
Құрметті оқырман! Мәселеңіз бойын-ша біршама ұсынымдар жасағым келді.
Соңғы уақытта қоғамдағы, отбасындағы әкенің рөлі төмендеп кеткен сияқты ма?
Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы тірегі, қамқоршысы (қаншалықты бұл жағдай шындыққа сай және әке осыған лайықты ма?).
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Ыдыс-аяққа араласатын әкені көріп өскен ұрпақ «мұны қалыпты жағдай» деп қабылдауы әбден мүмкін.
Бала бір жаста болса да ата-анасының өзіне қандай үміт артып, сенім білдіре алатынын жақсы сезеді. Сондықтан оның әлі де кішкентай екенін ескеріп, одан АЗАМАТ шықсын десек, қолдау қажет.
«Әлі бала ғой, нені түсінеді дейсің?» деген дүдәмал ой, немқұрайлылық баланың дамуына кері әсер етеді. Баланы неғұрлым кішкентайынан түсінуге тырыссақ, соғұрлым бізге жақын болады, ашыла түседі.
Ынжық мінез-құлқынан ада болады.
Ынжық мінез дегеніміз қорқақтықтан бастау алады. Бірдеңені дұрыс жасамағанын бала да түсінеді. Егер ата-анасы оған жекіп, қателігі үшін жаза қолдануға дайын тұрса, бала қорқа бастайды.
Бүлдіріп қойған ісі үшін емес, «ата-анама ұнамай қалдым» деген қорқыныш. Нені қалай жасау керек екенін білмей, ойы шатасып, кішкентай санасы ештеңеге жетпей қиналады.
Жиі тыйым салып, ескертумен өскен бала мықты тұлға болып қалыптаса алмауы мүмкін.
Толық емес отбасыларда, ата-анасының біреуі жоқ болған жағдайда тәрбиелік мәселелерді шешу үшін кейбір ыңғайсыздықтар болуы мүмкін.
Тәрбиенің проблемасы – анасының отбасы тұрмысынан қолы босамауы. Анасының уақыты жетпеуі, көбінесе, насихат, жазғыру, ұрсу сияқты тәрбиелік ықпалдың нәтижесіз әдістерін пайдалануға мәжбүр етеді.
Өркениетті қоғам дамыған сайын отбасында бала саны азайып келеді. Осы жағдайда қыздардың ішіндегі жалғыз ұлға ата-ананың артық көңіл бөлуі оны белсенділігінен айырып, эгоистік жақтарының басым болуын қалыптастырады.
Эгоизм – қара басының пайдасын ойлау, басқалардың пікіріне, қызығушылығына қарағанда өз пікірін, қызығушылығын қарастыру қамына жұмсалатын адам ойының әрекеті.
Өзімшілдер туыс болып жарытпайды. Олар ата-анасының алдында өмірлік қарыздар екенін мойындамайды. Мойындаған күнде де оларға моральдық, материалдық көмек көрсетуге асықпайды. Өзі туы-лып, өзі өсе салғандай ата-ананы қуантып, разылығын алған дұрыс екенін ұқпайды.
Өзімшілдер бауырларына да көмектескісі келмейді. Үйленген соң «әркім өз отбасын асырау үшін еңбек етеді» деп ойлайды.
Өзімшілдер махаббатта тәкаппар келеді. Тек өзін ғана сүйгенді қалайды. Қанша сүйіп тұрса да сезімін ақтарылып айтпайды. Сонда да ұнатқан адамын қармағына іліп алуға шебер. Олар жыртқыш аңдар секілді: жемтігін өзге біреу іліп әкеткеніне шыдай алмайды. «Әлемдегі ең кереметтер тек менің ғана қолымда болуы керек» деп ойлайды.
Эгоизмді екі жақты саралауға болады: бірі жақсы, екіншісі – бұрыс. Не десек те, эгоист болу-болмау әркімнің өз шаруасы. Оның қоғамдық өзгеріске әкеліп соқтыратынын жасыра алмаймыз.
Баланың ішкі өзегі ата-анасы арқылы қалыптасатыны белгілі. Алайда, біз тіпті баланы жекеменшігіміздей көретініміз айдан анық. Өзіндік тәрбиесі мол бала ғана өмірге қабілетті болып өседі.
Егер балада шешім қабылдау, ойын еркін айту мәселесінде тәжірибесі болмаса, ертең үлкен ортаға түскенде жасық боп қалуы мүмкін.
Ата-ана махаббатын шектен тыс төгіп, орынсыз уайымға беріліп, баласын қорғаштап, бақылауында ұстағысы келеді. Орынсыз уайымның әсерінен баласына қауіп төніп тұрғандай сезінеді. «Сол қауіпті аумақта жүрген баласы жаман жолға түсіп кетеді» деп қорқып, баласын күшпен және жазамен басқарғысы келеді.
Кейбір ата-ана баласы есейген сайын өз ойы мен өз қалауы пайда болып, ата-анасының пікірі мен ұстанымдарын қаламайтынын тілге тиек ете бастаған кезде «Балам уысымнан шығып, маған бағынбай қояды» деген үрей туады. Сөйтіп баланы күшпен уысында ұстағысы келеді.
Жұмыс бабымен, күйбең тірішілікпен баласына уақыт таба алмаған ата-ананың балалары назардан, мейірім мен жылулықтан мақұрым болады.
Бала отбасында өзін жалғыз сезінсе, мінезі тұйық болады. Ата-анасы әңгімелесуден қашатынына, әрдеңені сылтауратып кетіп қалатынына, әңгімесінің қызықсыз екенін ашық айтқанына бала өз көңіл-күйін, қайғысын білдірмеуге, ішінде сақтап қалуға үйрене бастайды.
Ол ата-анасымен сөйлесуге тырыспайды. Егер одан бірдеңе сұрай қалсаңыз, қысқа ғана жауап береді. Себебі «үлкендер ашуланады, ұрысады, жазалайды» деп қорқады.
Ал кейбір ата-ана баланың жақсы болуын ойлап, «жағдайын жасап жатырмыз» деп әке мен шеше арасында тығыз байланыстың орнауын назардан тыс қалдырып жатады.
Ата-анасы үйінде, бірақ бала оны сезінбейді. Әркім өз шаруасымен әуре. Мұндай баланың жанының қатты қиналатынын ата-анасы білмейді, өйткені қанша көп ойыншығы болса да әке-шеше орнын алмастырмайды.
Ал енді, масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, бұған белгілі бір қоғамдық себептер бар екеніне көз жеткізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған жат қылықтар — жылдар бойы санада қалыптасып қойған.
Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа шыдамау, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады.
Белгілі философ Серік Нұрмұратов «масылдықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан баю керек» деген пікірде. Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, шешендеріміз нақыл сөздерінде айтып кеткен.
«Масылдық айналып келгенде адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады» деп есептеймін. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді.
Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір себеп – адал еңбек. Талмай еңбек ететін қоғамға рухани кемелдену қажет.
Танымал психолог Анна Құдиярова масылдықтың туындауын қоғамдық, әлеуметтік себептермен түсіндіреді.
«Масылдық» пен «әлеуметтік инфантилизм» — бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамнан кездестіруге болады.
Неге десеңіз, біз бірден үлкен боп тумаймыз. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені, ол өзі ештеңе жасамайды», – дейді.
Оның пікірінше, кішкентай баланың сұрағанын бірден беруге бейімдеу – есейген шағында сол әрекетті қайталауға себеп болады.
Жоғарыдағыларды қорытындылай келе, өмірлік жолдасыңыз қандай ортада өсіп, тәлім-тәрбие алды?
Оның осындай болып қалыптасуында қандай да бір сыртқы факторлар әсер етті ме? Ойланып, сараптап, өзіңіз шешім қабылдаған абзал.
Жазып алған – Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №47, 19 қараша 2020 ж