«Елдегі мультфильм сапасы сын көтермейді. Соңғы 3 жылда Қазақстанда бар-жоғы 6 анимациялық фильм түсірілген». Осылай деп дабыл қаққан парламент мәжілісінің депутаттары бүгін бірнеше заң жобасын талқылады.
Күн тәртібінде экономика, қоғамдық кеңес және зейнет мәселесі сөз болды. Бұдан бөлек, шенеуніктер азық-түлік бағасының қымбаттауы мен анимациялық фильм сапасының құлдырауына алаңдаулы.
Елдегі банктер мен микро қаржы ұйымдарының деңгейі теңестірілуі мүмкін. Осындай ұсыныспен мәжіліс депутаттарының алдына экономика министрі Руслан Дәленов келді. Сөзінше, соңғы кездері елді арзан пайызбен несиелендіреміз деп шығынға батыратындар көбейген. Дәленов мұндай пысықайлардың басым бөлігі микроқаржылық ұйымдар екенін айтады.
Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР Экономика министрі: «Бүгінгі күні банктік емес секторлар, ұйымдар азаматтарға кредит беруде. Бірақ, мөлшерлемелер жоғары. Айыппұлдар мен комиссиялар да жоғары. Қарыз алушылар кейде сауатсыз болуы мүмкін, аталған ұйымдар осыны пайдалануы мүмкін».
Екі сағатқа созылған мәжіліс отырысында қоғамдық кеңес тақырыбы да талқыланды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі кеңес мүшелерін билік өкілдерінің есебі мен мемлекеттік сатып алуға аралассын деген ұсыныс білдірді. Аида Балаеваға қарымта қойылған сұрақтар да аз болған жоқ.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Құрметті Аида Ғалымқызы, сіз маған мынаны түсіндіріп беріңізші. Қоғамдық кеңестің құрамына талаптар қоюдың қажеттілігі қандай? Егер қоғамдық кеңестердің құрамын уәкілетті орган ұсынатын болса. Онда бұл қоғамдық кеңестер қызметінің тәуелсіздік сияқты қағидатына қайшы болып келмей ме?».
Бұдан бөлек, шенеуніктер елдегі анимациялық фильм мәселесіне де мән берді. Мұсырман Мыңбайдың айтуынша, соңғы 3 жылда Қазақстанда бар-жоғы 6 мультфильм түсірілген. Оның да сапасы сын көтермей тұрғанын айтқан депутат ендігі жылы осы олқылықтың орнын толтыру керектігін айтады. Еске салайық, 2021 жылы фильм шығаруға мемлекет бюджетінен 1 млрд. 153 млн. теңге бөлінбек.
Мұсырман МЫҢБАЙ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Теледидар мен интернетте көрсетіп жүрген отандық мультфильмдердің көрскемдік деңгейі көңіл көншітпейді. Еліміздің телеарналары көрсететін басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған көптеген мультфильм сапасы да сын көтермейді. Олардың аударламалары мен дыбысталуы бала санасы мен талғамына сай келе бермейді».
Сондай-ақ, жауаптылар елдегі азық-түлік бағасының аспандап кеткенін айтып дабыл қағып отыр. Әсіресе, тауық жұмыртқасы мен еті әлдеқайда қымбаттап кеткен. Азық-түлік бағасы 10 пайызға, тауық өнімдері 20 пайызға өскен.
Назерке Үкібасова