Тарихтың соқтықпалы-соқпақты ирелең жолымен тағдыр теперішін пешенеге қыстырып, кітап толы дорбасын иығына асқан бозбала алыстағы Шам шаһарына баратын керуенге еріп кетіп барады. Арманның көкжиегімен қиялы көкке ұшқан бозбаланың іздегені табыла ма, жоқ па?

Бір Жаратқанға ғана белгілі еді…
Биыл «Ұстаздардың Ұстазы» – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын ЮНЕСКО боп тойлауымыз қазақ елін қуантып жатыр. «Сүбелі тойдан сырылып қалу – өнер ошағына жарамас» деген шешім, Шаниндіктерді де толғандырды.
Кезекті 87-маусымын ашқан Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 2020 жылдың 3 қарашасында репертуарын тағы бір көркем дүние – Шахмет Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» атты тарихи драмасымен толықтырды.
Қойылым режиссері Ғазиз Арынов.
Сценографы – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.
Сахна ашылғанда көне Тұран даласын көлбей өтіп жатқан ирелең жолды көреміз. Сценографтың әдеттегі сахна түкпірінен тіке шығатын сатылы жолды не себепті ирелең жолға өзгерткені – өнерді шынайы сүйетін қауымды ойландыратындай-ақ өзгеріс.
Көп ұзамай ирелең жолмен Әбу Насыр әл-Фараби (акт.Д.Аралбаев) шыққанда, сценографтың не айтқысы келгенін аңғарғандай боласың. Ойлы-қырлы даланы жарып өткен ирелең жол – «Шығыстың жеті жұлдызының» шоқысы ең биігі Әбу Насыр әл-Фарабидың қызығынан азабы, қуаныштан торығуы көп ілім жолы екенін түсінесің.
Ұтымды сахналық шешім – қойылымның кедір-бұдырын кестемен көмкеріп жіберетін оюлы айшық іспеттес. Режиссер шешімі мен сценограф шешімі үндестік тапқанда, қойылым жайнап шыға келеді.
Кең жазира дала, баяу сусылдап сырғи түскен тордан көне Отырарға айналғанда, еріксіз тарих қойнауына сүңгіп кетесің. Сценограф Қалтөре Жұмақұловтың көрерменді шәйі орамал желпіп өткендей сезімде көне тарих қойнауына өткізіп жіберген шеберлігіне тәнті боласың.
Философия мен ғылым әлеміне сілкініс әкелген «Ұстаздардың Ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің белгілі һәм белгісіз өмір тарихы қандай еді?
Әйгілі ғалымның атын еңбектеген баладан – еңкейген қартқа дейін естігені кәміл.
Алайда ғалым тағдыры қандай сүрлеу жолдардан өткеніне, ғылымдағы жаңалығына көбіне мән бермейтініміз жасырын емес. Арада қаншама ғасыр өтсе де ғұлама қалдырған ілім жолы ғылымның Жеті қарақшысындай жарқырап, іздеушіге жол сілтеп тұр.
«Қарапайым қала тұрғындары» атты ғылыми кітабын қалдырған Фараби ілімінің құпиясы әлі күнге толық ашылмады.
Әлем ғалымдары Ұстаздардың Ұстазының терең ілімін ашуға жанталаса күресіп, соңғы жылдарға дейін Еуропа ғалымдарына теліген іліми жаңалықтарын Ұстазға қайтаруға мәжбүр болып жатқаны күллі түрк әлеміне қуаныш.
Дін мен Ғылым – сырғымалы сынаптай қатерлі жол. «Қой да аман, қасқыр да тоқ» болуы дүдәмәл жайт.
Сонау оныншы ғасыр басында, Шам шаһары діннің қайнар көзіне айнала бастаған кезеңде ілімді, әсіресе, медицинаны терең ілімге айналдыру жолында тайсалмай іздену үшін жігерің мен батылдығың қаншалық болуы керек?!
Қатер мен жемісті жолдан тайсалмай өткен Ұстаз – Әбу Насыр әл-Фараби жайлы қойылым шаниндіктердің қоржынын қомақтандыра түскеніне сене отырып, көрерменнің патша көңілінен шығады, деген үміттеміз.
Пандемия шектемесіне шаниндіктер іркілмей, алдағы жоспарлы жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ
драма театрының әдебиет бөлімі
меңгерушісі

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж