Паспортты қалай тегін алуға болады?

296

Ерекше баланың ата-анасының бірі Қазақстан Республикасы азаматтарының паспортын рәсімдеген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Яғни, өзіне және баласына паспортты тегін ала алады. Негізі: ҚР Салық кодексінің 622-бабы:

ҚР азаматтарының, тұрғылықты мекенжайына қарамастан, жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Ол құжаттар – ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты.
Паспорт ҚР азаматтарына жасына қарамастан өз қалауы бойынша, 10 жыл мерзімге беріледі.
Жеке куәлік азаматтарға 16 жастан бастап 10 жылға беріледі және ел аумағында жарамды. ҚР аумағында ұдайы тұратын барлық азаматтың жеке бас куәлігі болуы тиіс.
Паспорт және жеке куәлік қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының филиалдарында (ХҚО) рәсімделеді және оның қызмет ақысы үшін төленетін мемлекеттік баж айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептеледі.
2020 жылы паспорт рәсімдеу бағасы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге.
Жеке куәлік рәсімдеу бағасы – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.
ҚР Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, ерекше баланың ата-анасының бірі өзіне және баласына паспорт рәсімдеу ақысынан босатылады.

Ол үшін ата-ананың бірі тиісті арыз жазады және
• туу туралы куәлік;
• ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
• баланың мүгедектігі туралы анықтаманы ұсынуы тиіс.

Құжаттарды ресімдеген кезде баланың болуы міндетті.
Паспорт және жеке куәлік 15 күннің ішінде дайын болады. Ал одан тезірек алу үшін жедел қызметке бөлек ақы төлейді.
Ескеретін жайт: Ерекше баланың ата-анасы паспортты тездетіп алғысы келсе, рәсімдеу ақысын емес, жеделдетілген қызмет ақысын төлеуі тиіс.

Нұрлан Бектаев

Тұлға.кз жобасы

«Оңтүстік Рабат», №44, 29 қазан 2020 ж