Коронавирус пандемиясы әлемді жайлаған уақытта әңгіменің дені – тек осы вирус туралы болып отыр. Әйтсе де маусымдық аурулар да, түрлі тұрмыстық жарақаттар да ешқайда жойылып кетпеді. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы қазір газдан улану, жол көлік апатынан зардап шеккендер мен балалар жарақатының көбеюіне алаңдаулы. Мұның да себебі жетерлік. Нақты қандай себептері бар екенін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтан сұрадық.

– Күздің соңғы айы – қарашада қандай ауру түрлері көбейіп жатыр?

– Қазір жыл мезгіліне сай, жедел респираторлы аурулар мен тұмау көбейіп жатыр. Бұдан бөлек күн суытқанда көпқабатты үйлер болсын, жер үйлер болсын, автономды газбен жылыту қондырғыларын пайдаланады.Жаздай қосылмай тұрған соң, алдын-ала тексермей, қолдану себебінен улану жағдайы өте көп тіркеліп жатыр. Мұны «көмірқышқыл газымен улану факторы» деп айтсақ болады. Шымкентте бір отбасында көп адам тұрады. Сондықтан бір күнде 10 адамға дейін улану факторлары бар. Өте ауыр жағдайда улану факторлары көбейіп жатыр. Бұл бойынша маған жедел-жәрдем қызметі және уланумен күресетін аурухананың бас дәрігерлері күнделікті оперативті түрде ақпарат беріп жатады. Мысалы 2 қарашада 2 отбасы уланған. Біреуінің 5-6 баласы бар. Аяғы ауыр әйелдер де улану жағдайымен ауруханаға түсіп жатыр. Тұрғындарға айтарым: үйді жылытатын қондырғыларды міндетті түрде тексеруден өткізу керек. Сол қондырғылардың бәрін тексерістен өткізіп беретін арнайы компаниялардың қызметіне жүгініп, жылуды қоспас бұрын тексертіп алғаныңыз – отбасыңыздың амандығы үшін өте маңызды екенін ескерсеңіздер екен. Таяуда бізге 4 баласы бар, әйелі жүкті отбасы келіп түсті. Бәрі өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қуанышқа орай, қазір олардың жағдайы жақсы. Сұрастыру нәтижесінде, жаз бойы үйінде тұрған газ қондырғысын күн салқындағанда ешқандай тексеріссіз қосқаны үшін осындай келеңсіздікке тап болыпты.
Тағы бір жағдайды айтып кетейін. Көмірқышқыл газы иіссіз болады. Адамдар иісті сезбейді. 2-3 рет жұтқан соң ол адамда бірден токсикалық энцефалопатия болып, ол адам тіпті телефон тұтқасын да көтере алмайтын жағдайға жетеді. Тіпті терезесін ашып, газды жабуға да мұршасы келмей қалуы мүмкін. Сол орнында жатып қалады. Егер кездейсоқ бір адам келіп қалмаса немесе отбасынан біреу сыртқа шығып хабар бермесе, аман қалуы өте қиын екенін халық ескерсе деймін. Соңы қайғылы жағдайға ұрынуы әбден мүмкін. Сондықтан өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі үшін өте сақтанып жүргейсіз. Мұны айтпасымызға болмайды. Дәл қазір осы газдан улану көбейіп жатыр. Күніне бірнеше отбасы ауруханаға түседі.

– Егер адам уланғанын аңғарса, жедел-жәрдем келгенше қандай алдын-алу шараларын атқару керек?

– Ең бірінші газ қондырғысын өшіріп, есік-терезені ашып, ауаны желдетуді керек. Бастысы адамдардың бәрін сыртқа шығарып, таза ауамен демалу керек. Бұл жерде айта кетейін – бала-шаға сыртқа шыққан кезде олар тез қалпына келеді. Яғни таза ауамен 10-15 минут демалса, жазылады. Мүмкін болса далаға шыққан соң, үлкендер өздеріне келген жағдайда балаларды жылы киіндіруі керек. Олар өзіне тез келген соң, балалар суық тигізіп аурудың басқа түрімен сырқаттанып қалуы мүмкін. Сондықтан далаға жеңіл киіммен шығара салуға болмайды. Сондықтан ата-аналар газдан уланған жағдайда алғашқы көрсетілетін көмекті біліп алса, артық етпейді. Бастысы соңы қайғылы жағдайға ұшырамаса екен. Өкінішке қарай, бізде бүкіл отбасы мүшелерінің демі үзіліп жатқан қайғылы жағдайлар да тіркеліп жатыр. Сондай жағдайға жеткізбеуіміз керек.

–Соңғы кезде Шымкент қаласында жол көлік апатынан ауруханаға жеткізіліп жатқан жандар қанша?

– Біздің қаламыз үшінші мегаполис болғалы бері, халық саны да өсіп жатыр. Сәйкесінше автокөлік те көп. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің де арасында жол ережелерін сақтамағаны себепті жол көлік апаттары көбейіп кетті. Жақында сондай бір оқиғаға куә болдым. Алғашқы көмек көрсетіп, жедел-жәрдем шақырдым. Соның бірі – көшенің қақ ортасында бір автокөлік өте жоғары жылдамдықта келе жатып, арнайы жаяу жүргіншілердің жолына арналған жолақтан өтпей, басқа жолмен өтіп бара жатқан адамды қағып кетті. Өкініштісі сол жаяу жүргінщі сол жерде бірден жан тапсырды. Бұл жерде екеуі де кінәлі деуге болады. Біреуі жоғары жылдамдықпен жүрсе, екінші адам арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жүрмегені үшін осындай қайғылы жағдай болды. Бұл мен куә болған бір жағдай. Енді күнделікті ауруханаға жол апаты салдарынан түрлі ауыр жарақат алып, түсушілер саны күрт көбеюде. Адамдардың барлығы қалалық №1 ауруханаға жеткізіледі. Өткен жексенбі күні осы аурухананың жан сақтау бөлімшесіне дәрігерлік тексеріс жасадық. Сонда осы ауруханаға түскен науқастардың тең жартысынан көбі – жол апаты салдарынан зардап шеккендер. Бас ми жарақаты мен сүйектердің сынуы және ішкі құрылыстардың жарақаттануы өте көп. Бұл бізді алаңдатады. Жазылып шығып жатқан жандар да бар, әрине. Дегенмен, өмір бойы сал болып немесе денсаулығы нашар болып қалатын адамдар да бар. Сондықтан, адамдар осы жағдайға да үлкен жауапкершілікпен қараса екен. Бұның бәрі тек ауруханаға жеткізіліп, ем алып жатқан науқастар. Ал сол жерде, немесе ауруханаларға жетер жолда жан тапсырып жатқандар да көп. Олардың арасында өрімдей жастар да бар. Мұның бәрі қарапайым ғана жол қозғалысы ережесін сақтамағаны үшін болып жатқан жағдайлар. Әрбір көлік жүргізушісі де жаяу жүргіншілер де өміріне жауапкершілікпен қараса екен.

– Ауруханаға тағы қандай аурулар, оқыс оқиғалармен түсетіндер көп?

– Ауруханаға көп түсушілердің тағы бірі: ол – жас балалар. Үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың аяқ-қолын сындыруы немесе ыстық суға күйіп қалуы жиіледі. Балалар жарақаты өте көбейіп кетті. Балалар қазір үйде ғой. Олар онлайн сабақ кезінде үйге зорға сыяды. Сабақтары аяқтала салып, сыртқа алаңшаларға ойнауға шығады. Үлкендердің қарауынсыз қалып, түрлі жарақат алып жатқан жағдайлар бар. Арасында жолға жүгіріп шығып кетуіне байланысты да жарақаттанып қалатындар кездеседі. Өткенде Тельман көшесінде доп ойнап жүрген 7 жасар бала доптың артынан қуып өзі де байқамай жолға шығып кеткен. Жолда жылдамдықты асырып келе жатқан көлік дер кезінде тежегіш құралын басып үлгермей, баланы басып кеткен. Өкінішке қарай, үйлердің арасындағы жолдарда да жылдамдықты шектен тыс асыратын жүргізушілер бар. Ата-ана баласының ойнайтын жерін алдымен тексеріп алса дейміз. Өйткені, әртүрлі қауіп болуы мүмкін. Алаңшалардағы бір ойыншық сынғалы тұратын жағдай да кездеседі. Ақаусыз екеніне көз жеткізген соң барып, баласына рұқсат берсе, мұндай жағдайлар азаяр еді. Ата-ана баласының алдындағы жауапкершілікті сезіне білсе екен.
Ал түрлі сынықпен түскен балаларға ауруханамыздың дәрігерлері жоғары дәрежедегі қызметті жасайды. Асар шағынауданында орналасқан балалар клиникалық ауруханасында үлкен травматология бөлімшесі бар. Сол жерге жиі барып тұрамын.

Сұхбаттасқан – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №45, 5 қараша 2020 ж