Қолыңыз «әбіржімесін» десеңіз…

94

Адамның қолына қарап, жасын аңғаруға, қандай жұмыс істейтінін де білуге болады. Қолымыз үнемі қозғалыста болады. Сондықтан да бет терісі сияқты қолымыз да арнайы күтімді талап етеді. Косметолог мамандар қол терісіне 20 жастан бастап күтім жасау керек екенін айтады, себебі, бет терісіне қарағанда, қол терісінде ылғал мен судың мөлшері 3-4 есе аз. Үй жағдайында, қалтаңызға салмақ түсірмейтін бірнеше қарапайым күтім мен кеңестерді ұсынамыз.

Ең біріншіден, қолды өте ыстық сумен жууға болмайтынын естен шығармаңыз. Бұл қол терісінің құрғақ әрі бұдыр болуына әкеп соғады. Мейлінше, жылы сумен жуған абзал.
Екіншіден, сабынмен жуына бермеңіз. Өйткені, сабын – қол терісіндегі май мен ылғалдың тепе-теңдігінің бұзылуынак бірден-бір себепші зат.
Үшіншіден, таңертең және кешке қол терісін ылғалдандыру мақсатында крем жаққан дұрыс. Қыс мезгілінде жақпамайды далаға шықпас бұрын 15-20 минут жағу керек. Қолғап киюді естен шығармаңыз.
Төртіншіден, қолды дизенфекциялық құралдармен көп сүртіп, жуа бермеңіз. Олар қол терісіндегі табиғи қорғаныш қабатын бұзады.
Бесіншіден, шынтағымызда ерекше күтімді талап етеді. Шынтағымыз қатқыл болмас үшін арнайы өсімдік майларынан ванналар мен пилинг жасап тұру керек.
Сонымен қолыңыздың терісі жарылып, қолыңыз сіздің жасыңыздан сыр шертпесін десеңіз, қол терісіне арналған пилингтер мен маскалар жасаңыз.
Пилинг қолдың өлі жасушаларын жойып, жақпамайдың терең сіңуіне көмектеседі.
Айтпақшы, тырнақ та қолдың сәнін келтіреді, не сәнін бұзады. Сондықтан тырнаққа да күтім жасауды ұмытпаған абзал. Егер тырнақтарыңыз сарғайып не түсі өзгергенін байқасаңыз, лимонмен немесе йодпен сүртіңіз.

ПИЛИНГ ӨЛІ ЖАСУШАНЫ КЕТІРЕДІ

Пилинг жасауға қажет заттар: 1 ас қасық қант, 1 ас қасық өсімдік майы.
Қоспаларды араластырып, қолыңызда 10 минут ұстаңыз. Теріге сіңу үшін уқалаңыз. Қолыңызды жылы сумен жуып, құнарландырушы крем жағыңыз. Мұндай пилинг теріңізді жаңартып, ылғалдандырады.

Тағы бір пилинг түрін жасауға қажет заттар: 1 ас қасық кофе, лимон, 1 ас қасық күріш ұны.
Дайындалуы: Аталған қоспаларға 1 ас қасық лимон сығындысын қосып, ағартатын пилинг жасауға болады. Бұл тәсіл теріңізді жаңартып ғана қоймай, түсінің бір реңкке ағаруына себін тигізеді.

БУЛАУ ӘДІСІ

Қажетті заттар: 50 гр түймежапырақ пен түрлі пайдалы шөптер, 1 стакан сыра.
Дайындалуы: Түймежапырақ пен пайдалы шөптерді 1 стақан ыстық сырамен араластырыңыз. 15 минуттай жай отта қайнатыңыз. Дайын болған тұнбаны суытыңыз. Жылы суға қолыңызды салып, 10-15 минут ұстаңыз. Сосын қолыңызды жақсылап сүртіп, жақпамай жағып қойсаңыз болады. Ванна жасау қол терісіне өте пайдалы. Бұл процедура қол терісінің ылғалдануына жақсы әсерін береді.
Жоғарыда айтылған кеңестер мен күтімнің барлығы үй жағдайында жасалады.
Әртүрлі эфирді хош иісті майларды қайнатылған суға қосу арқылы да қол терісін булап, ванна жасауға болады. Жалпы булау әдісі зиян емес. Сондықтан да мұны күніне бірнеше рет жасауға да болады. Бұл қолға қосымша ылғал береді. Әрі терінің нәзік болуын қамтамасыз етеді. Булау әдісін, әсіресе күн суық, аязды кездерде жиі-жиі жасап тұрған абзал.

МАСКАНЫҢ ПАЙДАСЫ

Қажет заттар: Картоп, сүт.
Жасалу жолы: картопты қайнатып, оны жұмсақ болғанша араластырады. Сосын қажет мөлшерде сүт қосып, тағы да араластырады. Маска дайын. Қоспаны қолға жағып, 3 сағат ұстау керек. Теріңіз қатты құрғақ болса, аптасына 2 рет осы масканы пайдалануға болады.

Қажет заттар: 2 дана қияр.
Жасалу жолы: Қиярдың қабығын алып тастаймыз. Аршылған қиярды үккіштен өткізіп, қолға жаға беруге болады. 30-50 минут ұстау қажет. Бұл масканы да күн сайын жасауға болады, сол кезде терісіңіз ылғалданады. Бұл маска қол терісін ылғалдандырып, тегістейді. Сондай-ақ бұл масканы бет терісіне де жағуға болады.

Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 5 қараша 2020 ж