Жеке құжаттарды өзіңмен тасымай-ақ, мобильді қосымшадан көрсетуге болады. Еліміздің цифрлық даму министрлігі тұрғындарды қағазбастылықтан арылтпақ.
Енді жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен диплом да egov қосымшасында тіркеледі. Қала берді, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да әлеуметтік тобын мобильді қосымшадан ала алады.
Шымкент қаласы мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету бойынша көш соңында. Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында белгілі болды. Қалада мемлекеттік қызметтің онлайнға тек 69 пайызы өткен. Бұл меженің әлдеқайда аз екенін айтқан министр Бағдат Мусин жыл соңына дейін елімізде бұл көрсеткіштің 90 пайызға жетуі керектігін айтады. Осылайша цифрлық даму министрі анықтама қағаздарын жою арқылы жемқорлықты да тоқтатамыз дейді.
Бағдат МУСИН, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «Мамандандырылған ХҚО-ға жыл сайын 3 млн-нан астам халық жүгінеді. Үлкен кезектер болып жатады. Азаматтар автокөлікті тіркеу қызметі онлайн болса да, ЦОН-ға тікелей келіп, бірнеше сағат уақыттарын жұмсайды. Осы мәселені талқыладық. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті пилоттық режимде «Каспий. кз» мобильді қосымшасына шығардық».
Бұдан бөлек, ел енді құжаттарын өздерімен қоса арқалап жүрмей-ақ, мобильді қосымшада көрсетеді алады. Атап айтсақ, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен дипломның барын ұялы телефон арқылы дәлелдеуге болады. Мұндай мүмкіндік мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы аналарға да беріліп отыр.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Мүгедектікті сырттай белгілеу жүйесі. Бүгінде өтініш беруші 4 түрлі органға жүгінуге мәжбүр. Біріншісі емханаға, екіншісі МӘС, үшіншісі жергілікті атқарушы органдарға, төртінші жұмысқа орналасу мәселесі болса, жұмыспен қамту орталығына бару. Осы қызметті толығымен автоматтандырылғаннан кейін өтініш беруші тек қана емхағана тексерілуге баруы жеткілікті болады».
Осылайша жауаптылар жұртты көп есікке сеңделтпей, құжатты аз уақытта алу мүмкіндігін жасамақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта жеке кәсіпкер атану үшін тек мобильді қосымшаға тіркелудің жеткілікті екенін айтады.
Назерке Үкібасова