Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясында сайлауға қатысуға ниет білдірген партиялар тіркелуде.Естеріңізге сала кетейік, Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліске және жергілікті жерлердегі маслихатқа депутаттарды сайлау 2021 жылдың 10-шы қаңтарында өтеді.

Алдағы сайлаудың ерекшеліктерінің бірі бұл дода алғаш рет партиялық тізім бойынша өтпек. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 6 партия тіркелген. Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның Коммунистік халық партиясы, «Ауыл», «Бірлік» және де Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Олардың барлығы әрекет етуші, сондықтан да сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар. Шымкентте әзірге тек бір ғана партия өз кандитаттарының тізімін беріпті.

Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: «Сайлауға қатысу үшін үміткерлердің тізімін әзірге  бір партия ұсынды. Ол «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы».

Айта кетейік, саяси додада бақ сынайтын партиялардың өз кандидаттарын ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша сағат 18:00-ге дейін созылады. Үгіт-насихат жұмыстары 10 желтоқсанда басталады. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, сайлау өтетін күннен бір күн бұрын, яғни 9 қаңтарда насихат жұмыстары тоқтатылады.

Шынар Оразова